Салық заңдылықтарында қандай өзгерістер бар?

45

0

Салық заңдылықтарында қандай өзгерістер бар?Салық заңдылығына енгізілген бірқатар өзгерістер мен толықтырулар 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді. Қызылорда қалалық кірістер басқармасының ұйымдастыруымен осы өзгерістер мен толықтыруларды  түсіндіру бойынша семинар-кеңес өтті. Қызылорда қалалық кіріс басқармасы басшысының орынбасары Ашраф Жүсіпов жүргізген семинар-кеңеске облыс орталығындағы мекемелер мен бизнес құрылымдарының өкілдері қатысты. 
Басқарманың бөлім басшысы Ақмарал Шамшаева қатысушыларға салық органдарында дара кәсіпкерлерді тіркеудің жаңа тәртібін түсіндірді. Жаңа тәртіпке сәйкес, тіркеу есебіне қою хабарлама жасау сипатында жүргізіледі.  Яғни жеке тұлға (бірлескен дара кәсіпкерліктің өкілетті тұлғасы) дара кәсіпкер (бірлескен дара кәсіпкерлік) ретінде мемлекеттік тіркеуден өту үшін, тікелей мемлекеттік кірістер органына немесе «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы рұқсаттар мен хабарламалар саласындағы уәкілетті орган бекіткен хабарлама нысанын тапсырады. Біріккен дара кәсіпкерлікті тіркеу кезінде  біріккен дара кәсіпкердің өкілетті тұлғасы аталған кәсіпкерліктің барлық қатысушыларының атынан сенімхат табыс етеді. 
Егер тапсырыс беруші кәмелетке толмаған жағдайда хабарламаға заңды өкілдерінің келісімі, ал бұндай келісім болмаған жағдайда – неке қию туралы куәліктің көшірмесі немесе қорғаншы және қамқоршы органның шешімі немесе кәмелетке толмаған тұлғаны толығымен әрекетке қабілетті екендігін жариялау туралы туралы соттың шешімі қоса тігіледі. Өзге құжаттарды талап етуге тыйым салынады. Терроризмді және экстремизмді қаржыландыруға байланысты ұйымдар мен тұлғалар тізбесіне енгізілген тұлғалар ҚР заңдарына сәйкес хабарлама беруге құқылы емес.
Осыған орай, Салық кодексінің 566 бабына түзетулер енгізілді, яғни, дара кәсіпкердің тіркеу мәліметтерін хабарлама негізінде, жеке нотариустардың, жеке сот орындаушылардың, адвокаттың, кәсіби медиатордың тіркеу есебіне қою жөніндегі салықтық өтініші негізінде  салық органы жүзеге асырады. Жеке кәсіпкер хабарламаны орналасқан жері бойынша салық органына он жұмыс күнінен кешіктірмей күннен бастап бірлескен кәсіпкерлік туралы өзгерген және (немесе) қатысушылары (мүшелері) туралы тіркеу деректерді ұсынуға міндетті. Тіркеу деректерін өзгертуді салық органы тіркеу деректерін өзгерту үшін ұсынылған хабарламаны алған күннен бір жұмыс күнінен кейінгі күні жүргізеді.
ҚР Салық Кодексінің 558-бабына салықтық зерттеу жүргізудің тағы бір негізі қосылып отыр. Осыған орай бөлім басшысы Нұрлыбек Аманкелдиев Салық органдары жолдаған бұзушылықтар туралы хабарламаны мерзімінде орындамаған жағдайда салықтық зерттеу жүргізуге негіз болатынын жеткізді. Салық төлеуші мекен жайында болмаған жағдайда мемлекеттік кірістер органына берген түсініктемеге қоса 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап 558-бабының 5-тармағына енгізілген өзгерістермен толықтыруларға сәйкес Салық кодексінің 568-бабы 7-тармағының 1) тармақшасында белгіленген тәртіппен мекен жайын растайтын нотариалды расталған құжаттардың көшірмелерін табыс етуі тиіс. 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап Салық кодексінің 607-бабы 2-тармағының 10) тармақшасында қарастырылған хабарлама мемлекеттік кірістер органы электрондық тәсілмен немесе хабарламасы бар тапсырыс хатпен почта байланыс ұйымы арқылы салық төлеушіге (салық агенті) жолданады, бұл хабарламаға сәйкес салық төлеуші жиырма жұмыс күні ішінде мемлекеттік кірістер органына келу арқылы түсініктеме беруі міндеттелген.
Ал бөлім басшысы Айгүл Сейтімова өз кезегінде Салық кодексінің 391 және 409-баптары бойынша енгізілген өзгерістер туралы түсіндірме жасады. Бұл өзгертулерге сәйкес, жеке тұлғалардың жер және мүлік салығына жер салығын салық кезеңінен кейінгі жылдың 1 шілдесінен кешіктірмей жүргізіледі және салық төлеу мерзімі есепті салық кезеңінен кейінгі жүргізілетін жылдың 1 қазанынан кешіктірмей төленеді. Яғни, бұл салықтарды есептеу мен төлеу бойынша салық кезеңі аяқталғаннан кейін осыған байланысты, салық кезеңі ішінде иелері өзгерген жағдайда салықтарды қайта есептеу қажеттілігі алынып тасталады. Тиісінше, 2017 жылы жергілікті аталған салықтар бойынша берешектер бюджеттерге өткен салық кезеңдері үшін ғана түсетін болады. 
Қызылорда қаласының бюджетін көбейту мақсатында ҚР жер заңнамасына сәйкес пайдаланылмайтын ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлерге салынатын базалық ставкаларындағы өзгерістер туралы бөлім басшысы Мұхтар Тастаев айтып берді. Егер бұрынғы базалық ставка 2,4- 1013,3 теңге болса, 5 еселенген мөлшерден кейін 12,0-5066,5 теңгеге жетіп отыр. Ал шөлейт, шөлді және тау бөктеріндегі шөлді аймақтардың жерлеріне бонитет балына барабар түрде жер салығының базалық салық ставкалары 2,4-250,9 теңге болса, 10 еселенген мөлшерден кейін 2,4-2509,0 теңгені құрайды.
Семинарды жүргізушілер қатысушылар тарапынан туындаған сауалдарға толыққанды жауаптарын берді.
Ы.ТӘЖІҰЛЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз