Сапа қатаң қадағаланады

45

0

Жуырда «Нұр Отан» партиясының Сырдария аудандық филиалы мен аудандық Қоғамдық кеңес бастамасы мемлекет қаржысы есебінен жүргізіліп жатқан жұмыстарға партиялық бақылау жүргізді. Құрамында партия белсенділері, кеңес мүшелері, мәслихат депутаттары бар жұмысшы топ Қалжан ахун, Шаған және Шіркейлі ауылдарында болды.
Тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында атқарушы билік өкілдері нақты жұмыстар жасап жатқаны белгілі. Соның негізінде аудан орталығынан бөлек, шалғай жатқан елді мекен тұрғындары тіршілік нәрін тәулік бойы тұтынып отыр. Алдағы уақытта бұл жағымды жаңалықты Қалжан ахун және Шаған ауылдары да сезінетін болады. Өйткені, биыл аудан әкімі Ғанибек Қазантаевтың тапсырмасымен аталған екі елді мекенде су жүйелерін толықтай жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, «Нұр талап» ЖШС қызметкерлері жұмыс жасауда. Осы ретте, қаржының сапалы игерілуі, жұмыстардың уақытылы және талапқа сай жүргізілуі қоғам үшін маңызды.
Қалжан ахун ауылындағы жұмыстар екі жылға жоспарланыпты. Биыл тәулік бойы ағатын ауыз су жүйесі іске қосылса, келесі жылы қосымша жұмыстар жүргізілмек. «Нұр Отан» партиясы аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары М.Омаров пен мердігер мекеме өкілі Б.Ермағанбетовтің айтуынша, жұмыстарды орындау барысында ауыл халқының ұсыныс-пікірі мен талап-тілектері толықтай ескеріледі. Ол үшін тиісті тапсырма да берілген. Шаған ауылында да 840 үйге таза ауыз су кіргізілмек. Бұл жақсы жаңалық екені анық. Елді мекендегі жұмыстар тамыз айының соңына дейін аяқталмақ. Сапасы да тұрақты түрде қадағаланады. Үйлерге су тарту кезінде аз қамтамасыз етілген, жағдайы төмен отбасыларға мердігер мекеме тарапынан көмек көрсетілмек. Ол үшін ауыл әкімдері белсенділік танытып, мүмкіндікті ел игілігі үшін пайдалануға тырысу қажет. Ал, Шіркейлі елді мекені биыл құрылыс алаңына айналмақ. Өйткені, ауылда 70 жер телімі ашылып, бүгінде заман талабына сай инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. Қазіргі таңда құжат рәсімдеу және жер телімдерін табыстау жұмыстары үйлестірілуде.
Жыл сайын аудан орталығы мен ауылдық округтерде елеулі өзгерістер орын алуда. Бұл аудан әкімдігі тарапынан жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесі, жемісі екені анық. Ал, жұмыстардың сапасын қадағалау әркез бас партияның басты назарында.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз