«Сарбұлақ» тұрғындары «Телегазет» оқиды

46

0

«Сарбұлақ» тұрғындары «Телегазет» оқидыБүгін Қазалы ауданы Сарбұлақ ауылында «Телегазет» жобасының тұсауы кесілді. Тың бастама мемлекет басшысының қатысуымен өткен Үкіметтің Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жұмысы туралы есебін тыңдау барысында таныстырылды.
Әрине, бұл ауыл тұрғындары үшін үлкен жаңалық болды. Сарбұлақ аудан орталығынан 120 шақырым қашықта орналасқан. Ел жаңалығын ерте есту бұл ауыл тұрғындары үшін арман болып келген-ді. «Телегазет» жобасы Байланыс және ақпарат агенттігінің бастамасымен қолға алынған. Ол «Отау ТВ» ұлттық телехабар тарату желісі арқылы газеттерді электронды нұсқада миллиондаған адамның оқуына мүмкіндіктер береді. 500-ге жуық халқы бар ауылдағы 74 үйге «Отау ТВ» телехабар тарату желісі орнатылған.  Телекөпір арқылы байланысқа шыққан ауыл тұрғыны Елбасына алғысын білдірді.
– Әлемдегі озық технологияның біздің ауылға келгеніне өте қуаныштымыз. Телегазет деген біз үшін өте үлкен жаңалық болды. Астанада шығатын газеттерді үйде отырып–ақ оқитын дәрежеге жеттік. Еліміздегі шалғай ауылдарды дамытуды үнемі қолдап келесіз. Бұл сіздің салиқалы саясатыңыздың жемісі деп білеміз, – деді ауыл тұрғыны Сахи Беғалиев. 
– Кең-байтақ еліміздің әр өңіріне Қазақстанда болып жатқан жағдайды, саясатты жеткізуіміз керек. Азаматтарымыз осы жүргізіліп жатқан жұмыстарды жергілікте жерлерде қолдап, ел тұрғындары барлығынан мәлімет алсын, іске асырылған бағдарламаларды көрсін, өз тараптарынан мемлекетке көмек жасасын деп мақсат тұтып отырмыз. Бұл алыс аудандарымыздың да өркениетке қадам басып келе жатқанының бірден бір көрінісі, – деді Елбасы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз