
Аталған сайыста 10 мен 17 жас аралығындағы 48 үміткер асық ату, жеңіл атлетика, футзал және үстел теннисі сияқты спорттың 4 түрі бойынша сынға түсті. Спартакиада соңында төрешілер тарапынан жеңімпаз деп танылған бірқатар үміткерге облыстық білім басқармасының дипломдары мен бағалы сыйлықтары табысталды.
Мұнан соң Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың Студенттер сарайында «Жұлдызай» ХІІ республикалық балалар шығармашылық фестивалі өтті. Дәстүрлі шараға қалалық және аудандық іріктеу кезеңінде өнер көрсеткен 320 баланың 150-і жолдама алған болатын. Үміткерлер ән айту, би билеу, әнді ым-ишарамен айту, түрлі аспапта ойнау сияқты сайыстарда сынға түсіп, өз өнерлерін ортаға салды. Фестиваль соңында қатысушыларға облыстық білім басқармасының дипломы мен облыстық мәслихат депутаттары мен «Торғай-Петролеум» АҚ-ның бағалы сыйлықтары табысталды. Ал жеңімпаздар Халықаралық балаларды қорғау күніне орай, Алматы қаласында өтетін дүбірлі додаға жолдама алды.
Аталған шара «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының қолдауымен ұйымдастырылды.
Кенжетай БАЛҒАБАЙ.