Сенатор: Латын графикасында жазу әлдеқайда оңай

57

0

Қазақ әліпбиін латын графикасына кезең-кезеңімен және жүйелі түрде көшіру арқылы оны меңгеру қиындық тудырмайды. Мұндай пікірді Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Асқар Бейсенбаев білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бұл тақырып бұрыннан көтеріліп келе жатқанын білесіздер.  Осы орайда бастамаға қазақстандықтар тарапынан қолдау білдірілуде, сонымен қатар өзім де бұл қадамды қолдаймын. Негізі, латын графикасында жазу тәжірибесі бізде бұрын болған. Атап айтқанда, қазақ тілі әліпбиінің латын графикасындағы нұсқасы тіліміздің болмысына жақын деп есептеймін», – деп тоқталды сенатор.
Осы орайда А. Бейсенбаев бүгінде жастар үшін латын графикасында жазу мүлдем қиындық тудырмайтынын атап өтті. «Ал енді үлкен буындағы азаматтармен жұмыс істеу керек болады. Менің ойымша, бұл мәселеде тиісті шешім жасалады. Себебі бұл бағытта кезең-кезеңмен өту шаралары ескеріліп отыр.
Елбасы қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы Жарлыққа қол қойды. Жалпы, бұл дер кезінде жасалып отырған шешім», – деді депутат. Оның пайымынша, соңғы таныстырылған әліпби нұсқасы пысықталып жасалған, сондықтан оны меңгеру қиындық тудыра қоймайды.
«Негізі, мәтінді латын қарпінде жазуды бұрыннан пайдаланып келемін. Өйкені ұялы телефонда SMS-ті кириллицамен жазғанға қарағанда, латын графикасында жазған әлдеқайда оңай», – дейді Асқар Асанұлы.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы Жарлыққа қол қойды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз