Шалқияны жандандыру жұмыстары басталды

47

0

Шалқияны жандандыру жұмыстары басталдыШалқия кенішінің жұмысымен танысу мақсатында арнайы жұмыс сапарымен Қызылорда облысына «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев келді. Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.

Ол кеніштің өндіріс орындары мен құрылыс алаңдарын аралап көріп, кәсіпорынның проблемалық мәселелерін талқылау үшін мәжіліс өткізді. Жиында кен орнына баратын жолды жөндеу, газ станциясын салып, электр жабдықтарын жаңғырту және сапалы байланыс жүйесімен қамтамасыз ету мәселелері қаралды.

«Тау-Кен Самұрық» АҚ алдағы уақытта Шалқия кен орнындағы полиметалл рудаларын өндіру, оның қуаттылығын арттырып, кен байыту фабрикасын салуды көздеп отыр. Кәсіпорын іске қосылғанда жылына 4 млн. тонна кен (мырыш, қорғасын) өндіреді деп жоспарланған. Сонымен қатар, мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.

– «Шалқия» қорғасын-мырыш кенішін «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп игеру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Қазіргі таңда барлық құжаттар рәсімделіп, кеніштің жұмысын жандандыру шаралары басталып кетті. Осы кезде жөндеу, қайта жасақтау жұмыстары жүргізілуде, – деген облыс әкімі Қырымбек Көшербаев аймаққа инвестиция тартудың басты көзі металлургия саласы екенін атап өтті.

Қазіргі уақытта кен орнына қажетті инфрақұрылымдық желілерді тарту бойынша жобалар жасалып жатыр. Қажетті қосалқы бөлшектер сатып алынып, тау-кен құрал жабдықтары ішінара қалпына келтірілді. Насостық станциялар қайта жаңғыртылып, жаңа қондырғылар сатып алынды. Жұмысшылар тұратын ғимараттар да жөндеуден өтуде.

– Соңғы бір жылда Шалқияда біршама жұмыстар атқарылды. Қаржы мәселесі шешілген, қажетті техника бар. Осындағы кәсіпорынға жарамды ғимараттарды қалпына келтіру керек. Енді тек жұмысты тоқтатпай, басталған іс жалғасуы тиіс, – дейді Өмірзақ Шөкеев.

Жиында Жаңақорғаннан Шалқия кен орнына дейінгі тозығы жеткен жолды күрделі жөндеуден өткізу мәселесі талқыланды. Бүгінде облыстық бюджеттен қаражаты бөлініп, техникалық негіздемесі дайындалды. Ендігі кезекте күрделі жөндеуге қажетті қаражатты Үкіметтен сұрайтын болып келісті. Сондай-ақ, Шалқия кен орнын газдандыру мәселесі де шешімін табады. Қазіргі таңда Қызылорда облысында газдандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатқаны мәлім. Жаңақорған ауданына газ тарту жұмыстары біткен бойда, көгілдір отын өндіріс орындарына жеткізілетін болды.

Жалпы, Сыр өңірі минералды шикізатты қазбаларға бай аймақ. Бұл сала өңір экономикасының өрісін едәуір кеңейтіп, күші мен қуатын арттыратыны анық. Осы орайда қолға алынған шаралар мырыш пен қорғасынның мол қоры бар Шалқия кеніші жұмысының қайта жандандануына септігін тигізетіні сөзсіз.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз