Шекара бекетіне Жанқожа есімі берілмек

52

0

 Шекара бекетіне Жанқожа есімі берілмекҚазалыда Халық батыры Жанқожа Нұрмұхаммедұлының 240 жылдығын атап өту жөніндегі ұйымдастыру комиссиясының отырысы болып өтті.
Комиссия отырысына төрағалық еткен аудан әкімі Бахыт Жаханов  ауданда биылғы жыл халық батыры «Жанқожа Нұрмұхамедұлы жылы» болып жарияланғандығын жеткізе отырып, шараны жоғары деңгейде өткізу мақсатында ұйымдастырылып жатқан шаралармен таныстырды. Мәжіліске облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, кент, қала және ауылдық округ әкімдері мен ардагерлер кеңесінің төрағалары, мекеме басшылары, аудан активі қатысты. Сонымен қатар, облыстық мәдениет басқармасы, Арал және Қармақшы аудандарынан арнайы делегация келіп қатысты. 
Жанқожа батырдың өмірі мен ерлігі жайлы 4 кітап шығару жоспарланған.  Бүгінгі күні жазушы Әбдісаттар Оспановтың «Наркескен» трилогиясы жарыққа шықты. Алдағы уақытта Жазушы Молдахмет Қаназдың деректі шығармасы, Сардарбек Қожағұлдың «Жанқожа батыр дастаны», Нұрлан Көбегенұлының «Жанқожа батыр туралы, терме, өлең-жырлар жинағы» шығарылатын болады. Сондай-ақ, Қызылқұмдағы шекара бекетіне Жанқожа батыр есімін беру туралы облыстық ономастика комиссиясының қорытындысы шығып, бұл мәселе де оң шешімін тапты.  Осы ретте аудан әкімі «бұл жұмыстарды орындауда жерлесіміз, Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұлдың еңбегін атап өткім келеді» деді. Облыстық ономастика комиссиясының Төретам кентіндегі №269 орта мектебіне де баба есімімен атау туралы қорытынды шықты.
Аудан әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, мерейтой аясында негізгі шаралар осы Қазалы ауданындағы Жанқожа батыр ауылда өткізіледі. Сондықтан, ауылды көркейту, абаттандыру, әлеуметтік нысандарды күрделі жөндеу, құрылысын салу жұмыстарына бюджеттен барлығы 600 млн. теңгенің үстінде қаржы бөлінді.  Қазіргі күні, аудан бойынша абаттандыру жұмыстары қолға алынып, бюджеттен бөлінген 56,0 млн.теңгеге Жанқожа баба кесенесін абаттандыру, көркейту жұмыстары аяқталуға жақын. Сондай-ақ, кесене маңынан аялдамалар, автожол бойынан көліктердің жылдамдығын тежейтін жол кедергілері орнатылып, кесенеге барар жаяу жүргіншілер жолы салынды.  Ақтан батыр ауылында 4 көше асфальтталып, Жанқожа батырдың сенімді серігі болған Ақтан батыр ескерткіш-кесенесін жөндеу, абаттандыру жұмыстары жоспарланып отыр. Облыс әкімінің қолдауымен тәрбиелік маңызы бар баба мерейтойын атап өту ағымдағы жылдың 10-12 қазан күндері болып белгіленді. Облыс орталығында ғылыми-танымдық конференция өткізіліп, баба рухына ас берілетін болады. 
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз