Шиелі ауданы көгілдір отынға қосылды

36

0

Шиелі ауданы көгілдір отынға қосылдыБүгін Шиелі ауданының
орталығы көгілдір отынға қосылды. Тұрғындардың қуанышымен Қызылорда облысының
әкімі Қырымбек Көшербаев және «ҚазТрансГаз» АҚ бас директорының бірінші орынбасары
Серік Естай ортақтасты.

Айта кетейік, Қызылорда облысы әкімдігі мен «ҚазТрансГаз»
АҚ арасында былтыр жасалған меморандумға сәйкес, Жаңақорған, Шиелі, Қазалы және
Арал аудандары мен Байқоңыр қаласынгаздандыруға қажетті қаражат бөлінген. Ал, облыстың қалған аудандары
келесі жылы газбен қамтылатын болады. Ол жұмыстарға қажетті 16 млрд. теңгені
Еуропалық Қайта Құру және Даму Банкі инвестициялайтын болады.


Елбасының тапсырмасымен газдандыру жұмыстары өңірде қарқынды жүргізілуде.
Қазіргі таңда газды аудан орталықтарына жеткізетін құбырлары салынып бітті. Өткен
аптада жаңақорғандықтар көгілдір отынға қосылса, енді міне Шиелі ауданы қуанышқа
кенеліп отыр. Келер жылы қалған үш ауданда газдандыру жұмысы басталады. Сол
кезде облыстың 83 пайыз халық тұратын аумақ газдандырылады. Айта кетейін,
әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыларға көмек көрсетілетін болады, – деді
облыс әкімі Қ.Көшербаев.

– Үйлерге газ қосып,
тұрғындарға жылу мен қуаныш сыйлай отырып, «ҚазТрансГаз» АҚ халықтық компания
екенін тағы бір дәлелдеді. Оған мысал, жыл сайын Ұлттық оператор республика
бойынша 35 мыңнан астам абоненттің үйіне газ кіргізіп отыр. Жүзеге асырылып
жатқан инвестициялық жоба аясында бір ғана Қызылорда облысында биыл 1250 км газ
құбыры салынды. «ҚазТрансГаз» әлеуметтік жауапкершілікті жоғары қоятын компания.
Істеп отырған жұмысымыз түгелдей халықтың тұрмысын жақсартуға еліміздің
әл-ауқатын арттыруға бағытталған, – деді «ҚазТрансГаз» АҚ
бас директорының бірінші орынбасары Серік Естай.

Бүгін
үйіне алғаш болып көгілдір отынды кіргізген Айтуаровтар отбасы. Олардың
қуанышында шек жоқ. Талай жылғы армандары орындалғанына риза.


Жасыратыны жоқ бастапқыда газ келеді дегенде күмәнмен қарағанбыз. Бірақ
Елбасының қолдау көрсеткен жобасы жүзеге асты. Біздің қуанышымызда шек жоқ.
Өйткені, енді от жағып, күл шығармаймыз, – дейді Шиелі ауданының тұрғыны Ардақ
Айтуаров.

Айта
кету керек, келесі аптада Қазалы ауданын газдандыру басталады, одан кейінгі
кезекте – Арал ауданы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз