Шиелі ауданында ардагерлер үйі мен мектеп ашылды

45

0

Шиелі ауданында ардагерлер үйі мен мектеп ашылдыБүгін Қызылорда облысы, Шиелі ауданында Ардагерлер үйі мен 300 орындық мектеп пайдалануға берілді.

Салтанатты
шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысып, тұрғындардың қуанышына
ортақтасты. Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.

Ардагерлер үйі аудан орталығынан ашылды. Жалпы,
аудан бойынша 7 мыңнан астам ардагер болса, мұнда олардың бас қосып,
демалып қайтуларына бар жағдай жасалған. Ғимарат демалыс, жаттығу залы
заманауи құралдармен жабдықталған. Алдағы уақытта ардагерлер тегін
медициналық кеңесті де осында алатын болады.

– Жасым ұлғайды демей, ағайынның арасында елдіктің
сөзін айтып, мағыналы өмір сүрудің биік өнегесін көрсеткен ақжарқын
пейілдеріңіз бен адал ниеттеріңізге үлкен рахметімді, шексіз алғысымды
білдіремін. Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгідей жетістіктерінің барлығында
да сіздердің қолтаңбаларыңыз бар, – деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.

Ардагерлер де өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағаларын айтып, ақ баталарын берді.

Ә.Тәжібаев елді мекенінде пайдалануға берілген 300
орындық мектеп заманауи үлгіде салынған. Мұнда оқушылардың сапалы білім
алуларына толық мүмкіндік қарастырылған. Пәндік кабинеттер, акт залы,
асхана, спорт зал және 12 мыңға жуық кітап қоры бар. Сонымен қатар,
мектеп ауласында футбол алаңы салынған. Айта кету керек, соңғы екі жылда
ауданда 9 білім ұясы бой көтеріп, апатты мектептер мәселесі толығымен
шешімін тапты.

Соңғы 2 жылда Қызылорда облысы республика бойынша
әлеуметтік салаға көп қаржы бөлетін аймақтардың көшін бастап келеді. Бұл
жұмыстардың нәтижесі де жоқ емес. Өткен оқу жылында ҰБТ қорытындысы
бойынша Сыр өңірі 13-ші орыннан алдыңғы бестікке көтерілді. Мыңдаған
қызылордалық жас түлек облыс әкімі гранттарын иеленді. Сондай-ақ, Ресей
Федерациясы Үкіметі мен облыс әкімдігі арасындағы келісім негізінде 321
түлек Мәскеу және Санкт-Петербордың маңдайалды жоғары оқу орындарында
тегін білім алуға мүмкіндік алып отыр. Мұнан бөлек, жоғары және арнайы
оқу орындарына бөлінетін «Серпін» бағдарламасымен де қызылордалық жастар
тегін оқуға жолдама алды. Қорыта айтқанда, өткен жылы мектеп бітірген
түлектердің 93,6 пайызы жоғары және арнаулы оқу орындарына оқуға түсті.

Кезекті оқу жылы аяқталуға жақын. Түлектер сынақтан
сүрінбес үшін психологиялық тұрғыдан дайын болулары қажет. Аймақ
басшысы шиелілік мектеп бітіруші оқушылармен кездесуінде осы мәселеге
көңіл бөлу қажеттігін айтты. Жалпы, аудан бойынша сынаққа қатысуға 543
оқушы өтініш білдірген. Бұл мектеп бітірушілердің 66,8 пайызы. Сынама
тест нәтижесі бойынша орташа балл 85,1. «Алтын белгіге» 20, «Үздік
аттестатқа» 9 оқушы үмітті. Айта кетейік, ауданда Ұлттық бірыңғай тест
өтетін орын дайын. Алыс ауылдарда тұратын оқушыларды тасымалдау мәселесі
шешілген.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз