Шиеліде қазақ күресінен ел чемпионаты өтеді

51

0

Шиеліде қазақ күресінен ел чемпионаты өтедіҮстіміздегі жылдың 13-15 ақпан аралығында Қызылорда облысы, Шиелі ауданында қазақ күресінен 1996-1997 жылдары туылған жастар арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өтеді.

Бұл туралы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

15 салмақ дәрежесі бойынша өтетін жарысқа еліміздің барлық аймағынан 400-ге жуық боз кілем шеберлері қатысады. Олардың қатарында жасөспірімдер арасында Әлем чемпионы алматылық Қасымхан Төленбай, жасөспірімдер арасында Әлем чемпионатының күміс жүлдегері оңтүстікқазақстандық Дәулет Ниетбай, жасөспірімдер арасында Әлем чемпионатының қола жүлдегері қызылордалық Райымбек Рантаев, Еуразиялық спорт ойындарының жеңімпаздары, Қазақстан чемпиондары қарағандылық Ақжігіт Оралов, қызылордалықтар Рахманберді Әбдірашит пен Аязбек Шүкіровтер бар.

Бәсеке ұлдар арасында 8 салмақта (55, 60, 66, 74, 82, 90, 100, +100 келі), қыздар арасында 7 салмақта (48, 52, 57, 63, 70, 78, +78 келі) өткізіледі. Ал 1,2 орынды иеленген спортшыларға ҚР спорт шебері атағы беріледі.

Жеңімпаз және жүлдегер спортшылар ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің диплом, кубок, медальдарымен марапатталады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз