Шәкен ауылында дәрігерлік амбулатория ашылды

65

0

Шәкен ауылында дәрігерлік амбулатория ашылдыҚазалы ауданындағы Шәкен ауылының тұрғындарына Тәуелсіздік күні мерекесінде ауылда заманауи дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді, деп хабарлады аудандық әкімдіктің баспасөз қызметінен.

Бұған дейінгі көне ғимаратта медициналық жабдықтары болмаған. Сондықтан ауыл тұрғыны үшін жаңа амбулаторияның ашылуы – көптен күткен үлкен қуаныш. Құрылыс жүргізуді міндетіне алған мердігер «Қасиет ал» ЖШС облыстық бюджеттен бөлінген 95,75 млн. теңге қаржыға ғимаратты сапалы салып бітірді.

Жаңа амбулаторияның медициналық бөлме, ультра-дыбыстық зерттеу қондырғылары, физиотерапия бөлмелері, балалар дәрігерінің қабылдау кабинеттері сияқты 40-тан аса бөлмесі бар. 11 орындық күндізгі стационар жұмыс жасайды.

Жаңа нысанның ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімі Бақыт Жақанов тұрғындарды маңызды мерекедегі қуаныштарымен құттықтап, теледидар сыйға тартты.

Шараға арнайы қатысқан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сапар Рахменшиев, облыстық мәслихат депутаты Құлпыбай Ысқақ, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов шәкендіктерге ел игілігіне жарасын деген лебіздерін білдірсе, медицина саласының ардагері Клара Бисембаева ауыл тұрғындары атынан ризашылығын жеткізді.

Мердігер басшысы амбулатория кілтін емхананың меңгерушісі Анар Тілеубергеноваға салтанатты түрде табыстады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз