Әшімбаев: Латын әліпбиіне көшу Қазақстанның ұлттық мүддесіне сай

44

0

Әшімбаев: Латын әліпбиіне көшу Қазақстанның ұлттық мүддесіне сайҚазақ тілін латын әліпбиіне көшіру өте дұрыс қадам. Бүгін Парламент Мәжілісіндегі жалпы отырыстан кейін депутат Мәулен Әшімбаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру мәселесі бірінші рет көтеріліп отырған жоқ. Елбасының бірнеше жыл бұрынғы Жолдауында бұл тақырып нақты атап көрсетілген еді. Менің ойымша, бұл дұрыс қадам, сондай-ақ еліміз үшін үдемелі ілгерілеушіліктің қадамы. Біз белгілі бір өтпелі кезең қажет болатынын, тиісті қиындықтар туындауы мүмкін екенін түсінуіміз керек. Бұл тұрғыда халықты даярлауға, түсіндіру жұмыстарын жүргізуге қажетті ғылыми жұмыстарға байланысты шаралар қамтылатыны анық. Стратегиялық перспективада латын әліпбиіне көшу еліміз үшін дұрыс қадам деп пайымдаймын, себебі ол біздің мемлекеттің ұлттық мүддесіне сай келеді», -деп түсіндірді депутат.
Оның сөзіне қарағанда, бүгінде экономикалық ахуал тұрақталып келе жатқандықтан, конституциялық реформадан соң Қазақстанның ұзақ мерзімді мүдделерін қамтамасыз етуге бағытталған қандай да бір стратегиялық қадамдарды іске асыру қажет.
М. Әшімбаевтың пайымынша, заңнамалық бағытта маңызды жұмыстардан кейін Мемлекет басшысы осындай бастаманы жариялады.
«Мен бұл шешімді қолдаймын. Латынға көшу шаралары кезең-кезеңмен жүруі тиіс. Осы орайда мемлекеттік органдар бұл бағыттағы процесті лайықты деңгейде, яғни жоспарлы негізде іске асыруы қажет. Атап айтқанда, алда атқарылатын шаралар аясында Үкімет сауатты бағдарламаны құруы тиіс. Түсіндіру жұмыстары, кеңестерді байыппен жүргізу керек.  Осыдан кейін біртіндеп латын әліпбиіне көшіруді іске асыруға болады», – деп түйіндеді сөзін депутат.
Айта кетейік, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Егемен Қазақстан» газетіне шыққан мақаласында латын әліпбиіне көшудің нақты кестесін әзірлеуді тапсырған болатын. 
Елбасы 2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керектігін де жеткізді. Ал 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кіріскен дұрыс деп санайды.
 
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз