Шоқай ескерткіші қашан тұғырға қонады?

48

0

Шоқай ескерткіші қашан тұғырға қонады?Мүсінші Көшер Байғазиев жасаған Мұстафа Шоқай ескерткіші лайықты орын табылса, тұғырына қонуға дайын. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар орталығының брифингінде облыстық мәдениет, архивтер және құ­жат­тама басқармасы басшы­сының міндетін атқарушы Мира Әбуова айтып берді. 
– Осыған дейін таңдалған орны екі рет ауысты. Қоятын жер анықталып, абаттандыру жұмыстары жүргізілсе, ескерткішті қазір апарып орнатуға бармыз, – деді ол. 
Брифингте салада атқарылған жұмыстар айтылды. Былтыр Жаңақорған ауданындағы Талап ауылдық округіне қарасты Бесарық елді мекенінде ауылдық клуб ашылды. «Жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 8 клуб пен 1 кітапхана жөнделді. Облыстық тарихи-өлкетану музейі қайта жаңғыртылып, Шиелінің Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейіне арнап жаңа ғимарат салынды. Ежелгі қалашықтарда археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, 9 жәдігеріміз ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұраларының алдын ала тізімінен орын тапты. Облыстық филармония басқа қалаларда, алыс-жақын шет елдерде концерттер берсе, көрермен назарына Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театры 223 спектакль ұсынды. 
– Осы жылы «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында Астанада облыстың өнер күндерін, «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» фольклорлық-музыкалық өнер фес­тивалін, суретшілер симпозиумын ұйымдастыру жоспарланып отыр, – деді басқарма өкілі. 
Жалағаш ауданының Мәдениет, Шиелі ауданының Еңбекші ауылдарында клуб салынса, Қазалы ауданының Жалаңтөс батыр ауылындағы клуб пен Қызылордадағы архивтер ғимараты пайдалануға беріледі.
Н.ҚАЗЫБАЙҚЫЗЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз