Шыны зауытының құрылысы ырғақты жүруде

50

0

Шыны зауытының құрылысы ырғақты жүрудеҚызылордада биыл көктемде қазығы қағылған шыны зауытының құрылыс
жұмыстары жоспарға сәйкес жүруде. Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаев
құрылыс алаңында болып, жұмыс барысымен танысты.

Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.

Қазірдің өзінде өндіріс орнына қажетті дайын
өнімдер қоймасы іргетасының 95 пайыз жұмысы аяқталды. Сондай-ақ
ғимараттың үстіңгі жағының құрылысын салу басталып, ол үшін колонналар
(темір құрастырмалар) орнатылуда. Қазан айының соңына дейін барлығы 200
колонна орнатылатын болады. Ал қыс күндері ішкі жұмыстары, яғни металл
құрылғысын монтаждау жұмыстары қолға алынады. Зауыт қоймасы салынып
біткен соң мұнда темір жол тұйығын жүргізу басталмақ.

«Қазір құрылыс жұмыстарына 110 жұмысшы және 20
техника жұмылдырылып отыр. Барлығы кесте бойынша жүруде. Құрылыс
заттарының басым бөлігі жергілікті жерден алынып жатыр. Жұмысшыларға да
бар жағдай жасалған. Зауыт толық іске қосылғанда тұрақты 350-400 жаңа
жұмыс орны ашылмақ», – дейді «Orda Glass Ltd» ЖШС-нің құрылыс жөніндегі
директоры Бегалы Тоқаев.

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев құрылыстың сапасына
аса мән беруді және жоспарға сәйкес уақтылы жүргізіліп отыруын тапсырды.
Айта кетейік, шыны зауытының құрылысы Қызылорда қаласы, Титов
мөлтекауданында орналасқан индустриялық аймақта жүргізіліп жатыр.
Болашақта мұнда ферроқорытпа зауытын салу да жоспарда.

Ал, шыны зауыты іске қосылған кезде күніне 600
тонна (жылына 197 100 тонна) шыны табақшасын өндіруге қуатты. Шыны
өндірісіне қажетті шикізаттың 95 пайызы жергілікті жерден алынатын
болады. Бұл мега жобаның жалпы құны 52 млрд. теңгені құрайды.

Естеріңізге сала кетейік, қаржының 80 пайызын
«Қазақстан даму банкі» бөлсе, қалған 20 пайызын «Steward Engineers» АҚШ
компаниясы мен Қазақстан инвестиция қоры инвестор ретінде
қаржыландырмақ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз