Солтүстікке барған баланы не күтіп тұр?

55

0

Солтүстікке барған баланы не күтіп тұр?Елімізде маусым айынан бастап, «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» атты мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырыла бастаған. Бұл оңтүстік облыстардың жастарын еліміздің солтүстік, батыс және шығыс аймақтарында білім алуына мүмкіндік беретін бағдарлама. 

«Өрлеу» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Мұрат Әбенов бұл жоба бойынша, мектеп бітірген түлектердің солтүстік өңірлерде білім алуына мүмкіндік беріледі деген еді. «Маңғыстау, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл өңірлерінде демографиялық көрсеткіш жоғары, алайда жұмыс орындары тапшы. Павлодар, Шығыс Қазақстан сияқты аймақтарда керісінше, зауыт, фабрикалар көптеп салынып жатқанымен, жұмыс күші жетіспейді. Бағдарлама осы олқылықтың орнын толтырады» деген еді Мұрат Әбенов.
Осы мақсатта жеті жоғары оқу орны 1000 грант, ал 23 колледж 1000 грант бөлген. ҰБТ-дан төмен балл жинап, тегін оқу мүмкіншілігінен қағылған талапкерлердің бұл гранттарға ие болуға мүмкіндіктері бар. Республикалық үйлестіру кеңесі 22 шілдеге дейін тиісті құжаттарын өткізген балалардың грант иеленетіндігін де айтқан еді. Бұл мектепті биыл бітірген түлектерге ғана қатысты болған жоқ. Бұрынырақ мектеп бітірген түлектердің де құжат тапсыруына болады деген еді. Тіпті, грант иегерлерінің өзі таңдаған қалаға пойызбен қатынауы үшін де жолақысы төленеді делінген. Сондай-ақ грант иегерінің жатақханамен және ас-ауқатпен қамтамасыз етілетінін де мәлім еткен еді. Оқу бітірген баланың сол аймақта қалуына да болады. 
Бұл жоба ішкі көші-қонды реттеу үшін жүзеге асырылып отырғаны белгілі. Солтүстік, батыс пен шығыстағы жоғары оқу орындарына оңтүстік аймақтардан студенттерді көптеп орналастыру – халықтың демографиялық өсіміне де өз әсерін тигізбей қоймайды. Тіпті бұл бағдарлама студенттердің келешекте сол аймақта тұрақтанып қалуына да негіз болар еді. 
Осыған орай, Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті де алғашқы талапкерлерін қабылдаған. Бұл университет Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда және Маңғыстау облысынан келген 150 талапкерді тегін оқытпақ. Бұған Білім және ғылым министрлігі арнайы грант та бөліп отыр. Одан өзге, шығыс пен солтүстікте де студенттерді қабылдауға әзір тұр.  
Аталмыш бағдарлама еліміздің шығысы мен батысында, солтүстігінде қолға алына бастады. Жоғары оқу орындарына бөлінген мың грант – келешек жастардың тегін білім алуы үшін жасалған игілікті қадам. «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» атты әлеуметтік жобаның дер кезінде қолға алынғаны құптарлық іс. Алғаш рет жүзеге асырылып отырғандықтан, қалай іске асырылатыны, нәтижесі қалай болатыны әзір белгісіз. Бастысы, аталмыш жоба тегін білім беріп қана қоймай, тұрақтандыруды, жұмысқа орналастыруды басты назарға ұстап отырғаны белгілі. Алайда, бұл бағдарламаның орындалуы қандай деңгейде?!  
Редакцияға хабарласқан Керімбек Сейітов – биыл орта мектепті тәмамдаған қызын аталмыш жоба аясында солтүстікке аттандырған отағасының бірі. Қызы Қарлығашты алып, Павлодарға автобуспен жетіпті. Керімбек Сейітовтен бөлек, бірнеше отбасы балаларын алып, Павлодарға келген екен. «Қағанағы қарқ, сағанағы сарқ болады» деп, уәде етілген бағдарламаның ұшығын да көрмепті. «Тегін пойызбен қатынау былай тұрсын, автобуспен әзер жеттік. Жалғыз мен ғана емес, бірнеше адам осындай қиындықпен жетті. Қазір бізге тегін жатақханаға қол жеткізу мұң болып тұр» дейді Керімбек мырза. «Жатақханаға 25 мың төлейсің» деп айтты. Егер 25 мың төлеп, баламды оқытатын болсам, одан да тегін үйімде жатқызып, оңтүстікте оқыта бермедім бе?» деп қынжылады әке. Ата-ананың қынжылатындай жөні бар. «Грант бөлініп, тегін жатақханаға қол жеткізеді» дегенді естіп, баласы қалайда білім алсын деп, солтүстікке аттандырғаны белгілі. Енді, міне, әкенің көңілі айран-асыр. Кімге сенерін, кімге сүйенерін білмейді?! 
Бұл бағдарламаның іске асырылуы мемлекеттік деңгейде бақылауға алынатындығын айтқан еді Мұрат Әбенов. Ол өз сөзінде: «Республикалық үйлестіру кеңесі балалардың оқуға түсуінен бастап, сол аймақтарға жеткізіп, оқу процесін жоғары сапада жүргізуін талап ету, әлеуметтік жағдайлары, спорт, мәдени шараларын қажетті деңгейде ұйымдастыруын бақылап отырамыз» деген еді.  
Жоғарыдағы мәселеге орай, «Өрлеу» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Мұрат Әбеновке қоңырау шалдық.  
–Бірінші, кез келген баланың шығыс пен батысқа, солтүстікке бару жолы – тегін. Ол бізде арнайы Заңмен қаралған. Пойызбен барып-қайту билеттерін оқу орнына өткізеді. Ол шыққан шығынды университет қайтаруға тиіс. Мұның бәрі жобаның бюджетінде ескерілген. Ұшақпен барғанын ғана мемлекет төлемейді. Бұл жобаға қатысты ақпараттардың бәрі «Серпін-2050» сайтында берілген. Аталмыш жобаға ие болған балалар қажетті ақпараттарды сайттан алуына болады. 
Ал екінші жағдайға келер болсақ, бұл жобаға ие болған балаларға жатақхана тегін берілуге тиіс. Павлодарда осыдан бір апта бұрын ғана болғанмын. Жатақханаларды өз көзіммен көріп қайттым. Балалардың жатуына ыңғайлы жасалған, сақадай сай тұр. Жүз пайыз тегін беріледі. Айына екі жарым мың теңге төлеп отырады. Бұл ақша олардың кір-қоңын, төсек-жабдықтарын жуу үшін төленбек. Ол ақшаны бөліп төлеулеріне де, түгелдей беруіне де болады. Тіпті өзім жуып отырамын, ақша бермеймін десе де, өз еркі. Жатақханада студенттер үшін жақсы жағдайлар жасалған. Ғаламторға дейін тегін жүргізіліп қойған. Осы жобаға қатысты университеттердің бәрін арнайы көріп қайттым. Жатақханалардың бәрі сапалы дайындалған. Әр бөлмеге екі-үш баладан жатқызылады. Кез келген мәселе туындаса, ата-аналардың бізге хабарласуларына болады. Барлық балалардың орналасу деңгейін қадағалап, бақылауда ұстап отырамыз. Күні кеше ғана Оңтүстіктен арнайы пойызбен шығысқа балалар аттанды. Шығыстықтар арнайы вагондар жалдап, балаларды алып кетті. Ал ұйымдастырусыз, өз еркімен аттанған ата-аналарға айтарым, уайымдамаңыздар. Ақшаларыңызды оқу орны міндетті түрде қайтарады. Оқу басталғаннан кейін, балалардың жеке есеп шотына билетке кеткен шығындардың ақшасын аударатын болады. Мәселелер туындап жатса, сайтта берілген электронды мекенжайға өтініштерін, талап-тілектерін жолдаса жеткілікті. Әрдайым, көмек беруге дайынбыз, – дейді Мұрат Әбенов.  
Түйін. «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» жобасы – қазақ жастары үшін серпінді жобалардың бірі. Оңтүстіктен аттанған жастар легі алғашқы көшін солтүстікке бастады. Көш – көлікті болсын! Батыстан – шығысқа, оңтүстіктен – солтүстікке созылған ұлан-ғайыр жерді қорғау – әрбір қазақ баласының міндеті! Батыс пен шығысқа, солтүстікке бет түзеген жастардың жолында кедергілер туындамасын деп тілейік! Баласын аттандырған ата-ананың көңілінде күдік болмауы үшін, аталмыш жобаның «бармақ басты, көз қыстыға» ұрынбай, әділ, таза жолмен жүзеге асырылғаны дұрыс.

 
Гүлзина Бектас
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз