Сондерс: Головкинді көгала қойдай сабаймын және ол үшін бір тиын да қажет емес

66

0

Сондерс: Головкинді көгала қойдай сабаймын және ол үшін бір тиын да қажет емесWBO нұсқасы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы британдық Билли Джо Сондерс Геннадий Головкинді өз жерінде көгала қойдай сабап, жеңген ақшасын қайда жұмсайтынын айтты, деп хабарлайды Baq.kz Sports.kz сайтына сілтеме жасап.
«Келіссөздер бойынша менің менеджментім жеткізген шарттармен мен толық келісемін. Мен бұл жекпе-жекке ақша үшін емес, сынақ үшін келісім бердім. Осы жекпе-жекте ұтқан әр пенниді әкеме бермекпін. Өзіме бір тиын да қажет емес», – деді Сондерс.
Сондай -ақ ол әлем алдында жалғыз ғана жеңімпаз барын дәлелдеу үшін Головкиннің территориясы ең ыңғайлы орын екенін алға тартты.
«Мен әлем алдына шығып, олардың қалай қателесетінін әрі өзімнің күш-қуатымды көрсеткім келеді. Және ол үшін ең ыңғайлы жер Головкиннің территориясы. Бұл менің қайратымды одан бетер қайрай түседі. Кеше оның Джейкобспен арадағы жекпе-жегін көрдім. Головкинді бабынан шығарып, жеңіске жете аламын деп ойлаймын. GGG-ді жеңу үшін не істеу керектігін білемін. Сондықтан да жекпе-жекті тамашалау үшін тұрған жоқпын», – деді британдық боксшы.
Оның айтуынша, Головкиндай боксшыны тізе бүктіру үшін құр қол сермеу жеткіліксіз, ақыл-айла керек.
«Ол күні бүгінге дейін рингте мен сияқты шебермен жолығып көрген жоқ» деген Сондерс қалаулы қарсыласы Генаға арнайы хабарлама жолдады.
«Барлық белбеуді жеңіп алам деген бос әңгімеңді жалғастыра бер. Бірақ қазір іске көшетін немесе ауыз жабатын уақыт жетті. Сен маусым айында менімен жекпе-жекке шық немесе шықпа. Сен өз сөзіңде менің есімімді атап қалдың, алдағы жекпе-жекке келісіп, саған сондай мүмкіндік берейін. Құр босқа уақыт жоғалтпай, іске көшейік», – деген Сондерстің хабарламасын таратты ESPN.
Естеріңізге салып өтсек, 18 наурызда (Астана уақыты бойынша 19 наурызда) Нью-Йоркте Головкин мен америкалық Джейкобстың арасында 12 раундтық жекпе-жек өтті. Төрешілер шешімімен отандасымыз жеңіске жетті. Айта кетсек, қазақстандық боксшы карьерасында алғаш рет 12 раундтық жекпе-жек өткізіп отыр.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз