Сот орындаушысының жауапсыздығы кәсіпкерге зиян келтірді

39

0

Сот орындаушысының жауапсыздығы кәсіпкерге зиян келтірдіӨткен жылы Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасына
«СырСтройПроектСервис» ЖШС-ның басшысы құқығын қорғау жөнінде өтінішпен
келген болатын.

2015
жылдың қыркүйек айында «СырСтройПроектСервис» ЖШС-ы Жаңақорған аудандық
құрылыс бөлімінің ұйымдастырған «Жаңақорған ауданы, Ақүйік ауылдық
округі әкімдігінің әкімшілік ғимаратының құрылысын салу» жобасына
электронды конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуға қатысады.

Конкурстық комиссия өтінімдерді қарау барысында
кәсіпкердің ҚР Әділет министрлігінің сайтында Қызылорда облысының
мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2012 жылғы 19
желтоқсандағы шешімінің негізінде борышкерлер тізіліміне енгізілгендігін
анықтап, «Мемлекеттік сатып алу туралы» ҚР Заңына сәйкес кәсіпкерді
мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану туралы талап
арызбен сотқа жүгінеді.

Бұл жайт кәсіпкер үшін тосын жаңалық болды.
Серіктестік басшысы аталмыш жайт туралы сотқа барғанда бір-ақ білді.
Себебін анықтау барысында кәсіпкерге 2012 жылғы 19 желтоқсандағы соттың
шешімімен мемлекет пайдасына тұрақсыздық айыппұлы 29,7 мың теңге және
мемлекеттік баж салымы 891 теңге өндіру туралы шешім еткендігі белгілі
болды. Кәсіпкер оны 2013 жылдың қаңтар айында толықтай өтейді.

Осы жерде іске кәсіпкерлер палатасы араласты.
Палата заңгерлері мәселені зерттей келе, сот шешімі негізінде толық
төлем жүргізілгендігіне қарамастан, сот орындаушысымен атқарушылық істің
тоқтатылмай, сәйкесінше борышкерлер тізілімінен алу жөнінде тиісті
ақпаратты уәкілетті органға жолданбағандығын анықтады. Яғни, сот
орындаушысы бұл әрекетімен кәсіпкердің мемлекеттік сатып алуға қатысу
құқықтарын шектеп, заң бұзушылықтарға жол берген.

Осы ретте, Кәсіпкерлер палатасы сотта сот
орындаушысының кесірінен кәсіпкердің ісіне кедергі келтірілмеуін сұрап,
Жаңақорған аудандық құрылыс бөлімінің «жосықсыз» деп тану туралы талап
арызын қанағаттандырусыз қалдыруды сұрады.

Нәтижесінде «СырСтройПроектСервис» ЖШС
«жосықсыздықтан» құтылып, жұмысын жалғастыруда. Бұл туралы облыстық
кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі хабарлады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз