Сот жүйесінің айқын бағыты

72

0

Өткен жылы қараша айында республика судьяларының VIІ съезі өткізілді. Аталмыш съезд бес институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі «100 нақты қадам – баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» Ұлт Жоспарының 19 қадамын іс жүзінде жүзеге асыру мақсатында өтті. Аталған шешім судьялардың кәсіби және моральдық бейнесіне деген қоғам талабының артуына, сондай-ақ Судьялар әдебінің жаңа кодексін қабылдау қажеттігіне байланысты қабылданды. 
VII съезд сот жүйесінің дамуы мен өзекті мәселелердің шешімін табуына, әр аймақтан келген судьялардың ой-пікір алмасуына, сот жүйесіндегі жетіспеушіліктердің толықтырылып, қамтамасыз етілуіне ықпалын тигізді. 
Сондай-ақ, аталмыш съезде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев судьяларға жүктемені төмендету мәселесін көтеріп, билердің тәжірбиелерінен үлгі алуға шақырды. Мемлекет басшысы «Азаматтарға істі сот процесіне жеткізгеннен гөрі татуласу тиімді екендігін түсіндіру керек. Бұл ретте құқықтық-ағартушылық мәселесі маңызды болып саналады. Халықтың заңгерлік сауаттылығының арқасында сот дауларын еселеп қысқартуға болады», – деді. 
Бұрынғы кезде қазақ халқы «бас жарылса – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде» деп, қандай дауды болмасын сабырлықпен, көптің қатысуымен, елдің төрелік етуімен, билердің билік құруымен шешіп отырған. Бітім, құн беру, келісімге келу, ағайыншылық жолдарымен талай күрделі мәселенің күрмеуі шешілген. Билер алқасы арқылы дау-дамай, жанжал ғана емес, азаматтық, елдік, рулық мәні бар мәселелерде кең көлемде жауабын тауып отырды. Әрдайым қара қылды қақ жарған әділдікті берік сақтаған халқымыздың ежелден ұстанымы осындай болды. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген мақал халықтың тәжірибесінен алынған.
Әр съезд сайын Елбасы төрелік етудің ең басты мақсаты тараптарды табыстыру, татуластыру екенін айтып, бітімгершілікті дамыту жолын көрсетіп келеді.
Сонымен қатар, республика судьяларының VII съезі барысында Қазақстан демократиялық саяси-құқықтық жүйесі бар мемлекет ретінде қалыптасып, әлемдік аренада жоғары беделге ие болғаны, Мемлекет басшысының бейбіт және тұрақты дамуды қамтамасыз ету жөніндегі ғаламдық бастамалары мен нақты істері халықаралық қауымдастық тарапынан қолдау тапқаны баса айтылды.
Съездің ортақ мақсаты-еліміздің азаматтарының сапалы да әділетті сотпен қорғану құқығын қамтамасыз еткізу.
Қызылорда қаласының №2 сотының судьясы Д.Алиев
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз