Соттар мен судьялар қызметіне сыртқы бағалау жүргізу пилоттық жобасы іске асуда

49

0

Соттар мен судьялар қызметіне сыртқы бағалау жүргізу пилоттық жобасы іске асудаЕліміздің сот жүйесі құқықтық мемлекеттің қажеттілігіне және заман талабына сәйкес үздіксіз жетілдіріліп келеді. Ширек ғасырдан астам уақытта елімізде сот билігі толық қалыптасып, түрлі реформалар жүзеге асты. Соттар заманның заманауи жетістіктеріне қол жеткізді. Республикалық соттарға енгізілген жаңа технологиялар сот ашықтығының кепіліне айналды.
Бүгінгі күні соттармен арадағы құжат айналымы мәселесі бірте-бірте қағаздан электрондық пішімге ауыстырылып, судьялар мен сот қыз-меткерлері жаңа заман талаптарына сай жұмыс атқарып отыр.
2014 жылдың шілде айынан бастап «Сот кабинеті» электрондық іс жүргізу сервисі қолданысқа енгізіліп, сотқа жүгінушілермен өзара іс-қимыл негізінде сот ісін жүргізу жеңілдетіліп, соттардың жедел жұмыс атқаруына жол ашылды. «Сот кабинеті» сервисі арқылы азаматтар және заңды тұлғалар талап арыздардың электрондық құжат нұсқасында беруге, мемлекеттік бажды интернет арқылы немесе пайдаланушы үшін қолайлы басқа орындар арқылы онлайн режимінде төлеуге, хаттама көшірмесін беруге арыз, сот отырысының хаттамасына арыз – ескертпе, сот істерін іздестіру, хабарламаларды, хабарлама қағаздарын, сотқа шақыру қағазын алуға мүмкіндік туғызды.
Сонымен қатар, бүгінгі күні соттардың күнделікті іс жүргізу жұмыстары «Төрелік» құжат айналым  ақпараттық  жүйесі арқылы іске асырылуда. Бұл жүйе соттардағы құжаттар мен істердің тіркеу, қарау, орындау және басқа да процессуалдық, құжаттамалық іс жүргізу мерзімдерінің сақталуын бақылауға және есебін жүргізуге мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, СМС-хабарлама мен гибридтік пошта жүйесі тиімділігін көрсетті. Бұл сот шығындарын едәуір қысқарта отырып, процеске қатысушыларды хабарландыруды жеделдетуге мүмкіндік берді.
Жуырда Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотымен «Сот кабинеті» сервисінде соттар мен судьялар қызметін сыртқы бағалау жөніндегі пилоттық жоба (сауалнама) іске қосылды. Сауалнама ағымдағы жылдың 10 сәуір мен 1 шілде аралығында пилоттық жоба ретінде жүргізіліп жатыр.
Сауалнамаға Қазақстанның барлық өңірлерінен сот талқылауларына қатысушылар ғана респондент ретінде қатыса алады. Яғни, талап қоюшылар, өтініш берушілер, жауапкерлер, адвокаттар, прокурорлар, мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ аталған сервиске тіркелген өзге де тұлғалар.
Сауалнама сот төрелігіне қолжетімділік, соттарда жарыспалылықты қамтамасыз ету, судьялардың сот әдебін сақтауы және т.б. 10 сұрақтан тұрады.  Оның нәтижелерін ҚР Жоғарғы Сот аппаратының жауапты қызметкерлері талдап, Сот Жюриінің біліктілік комиссиясы жұмыс істеп жүрген судьяларды бағалау барысында пайдаланады.
Сыртқы бағалаудың нәтижелері негізінде алынатын мәліметтер қоғамның соттарға деген сенім деңгейін арттыру, судьялар қызметін бағалау жүйесін жетілдіру бойынша Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді іске асыру бағытында қолданылмақ.
Сауалнаманың басты мақсаты – жергілікті соттар мен судьялардың сот төрелігін жүзеге асыру және соттар жұмысын ұйымдастыру қызметі туралы объективті ақпарат алу болып табылады.     
Сауалнамаға «Сот кабинеті» сервисінде тіркелуден өту арқылы қатысуға болады.   
Сот жүйесіне заманауи технологияларды енгізу және қолдану сот ісін жүргізуді оңайлатып, төрешілдік тосқауылдарды жояды. Сот жүйесі қызметкерлерінің азаматтармен байланысын азайтады, бұл сыбайлас жемқорлықтың орын алмауын қамтамасыз етіп, азаматтардың уақытын және қаражатын үнемдейді, сот жүйесінің жариялылығы мен қолжетімділігіне қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Азамат Жұмамұратов,
Қызылорда облысы бойынша
Соттар әкімшісінің басшысы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз