\»Стандартты\» жеңіс

48

0

 "Стандартты" жеңіс«Қайсар» Қазақстан Премьер-лигасындағы кезекті жеңісіне қол жеткізіп, төртінші орынға мықтап жайғасты. Бұл жолы қызылордалықтар Талдықорғанда жергілікті «Жетісуды» тізе бүктірді. Есеп – 2:1. «Қайсар» соққан екі гол да стандартты жағдайдың жемісі.
«Жетісу» (Талдықорған) – «Қайсар» (Қызылорда) – 1:2
Голдар: Сариев, 52 – Хунт, 11. Струков, 84.
«Жетісу»: Пасеченко, Родионов, Шафф, Ахметович, Шаихов, Климавичус, Джалович, Ковалев, Кадио, Заречный, Путинчанин.
«Қайсар»: Прядкин, Алтаев, Балтаев, Кляйн, Кулибали, Мошников (Савич, 90), Калинин (Нәрзілдаев), Розыбакиев (Молдақараев, 75), Марушко, Струков, Хунт.
Бас төреші: Александр Гаузер (Петропавл)
10 мамыр. «Жетісу» стадионы (Талдықорған)
«Жетісу» өз жерінде жеңісті оңайлықпен бере қоймайтын команда. Бүгінгі ойынға дейін Талдықорғаннан биылдыққа үш ұпайды тек Қарағандының «Шахтері» ғана алып кете алды. Ал «Қайсардың» керісінше, түзде жолы болмай келді. Қостанайда «Тобылды» жеңіп тұрып, қарымта гол жіберіп алды. Сол секілді Семейде де соңғы минуттарда қолдарында тұрған екі ұпайынан айрылып қалған. Астанада тіптен, соңғы минутта қақпамызға пеналти белгіленіп, ұпайсыз қалғанбыз. Иә, шыны керек, бұл кездесулерде «Қайсар» қанша жерден жақсы ойнағанымен жеңіске жете алмай келген еді, бүгін сәттілік қызылордалықтар жағында болып, биылдыққа бірінші рет түздегі кездесуден үш ұпай еншіледік.
Дегенмен, «Жетісу» ойынды өте қарқынды бастады. Қос қапталды жиі іске қосқан алаң иелері Кирилл Прядкин қорғаған қақпаны оңынан да, солынан да мазалап жатты. Бірақ, «Қайсардың» бір қарымта шабуылы ойын тағдырын 180 градусқа бұрып жіберді. 11-минут болатын. Оң қапталда ойын ережесі бұзылып, айып добын «Қайсардың» эстониялық жартылай қорғаушысы Сергей Мошников орындады. Отандастар бір-бірін жақсы түсінеді екен, Сергейдің әуелете жіберген теңбіл снарядына Римо Хунт бірінші болып жетіп, Пасеченко қорғаған қақпаның сол бұрышын дәл көздеді.
Қақпаларына гол жіберіп алған «жетісулықтар» біраз есеңгіреп барып, бірінші таймның соңына таман ғана естерін жиды. Бірақ олар күштеріне еніп үлгергенше үзіліс те болып қалған еді.
Екінші таймның басында алаң иелерінің бас бапкерлері ойынға тыңнан екі футболшы шығарды. Солардың бірі Рауан Сариев өзін жапқан Олжас Алтаевтан сытылып шықты да, әріптесінің әуелете асырған пасын сәтті пайдаланып, ол да голды қақпаға баспен қадады. Есеп – 1:1. «Қайсар» қаңырап қалмады. Қайта бұл гол қызылордалық футболшылардың беттеріне жеңіл шапалақ болып тиіп, команда одан бетер күшейді. Алдымен арада бес минут өтпей жатып-ақ Римо Хунт қақпаға допты қақырата тепкен еді, Пасеченко теңбіл снарядты алдына қайтарды. Алайда допқа бірінші болып жеткен Рахымжан Розыбакиевтің соққысы қақпа маңдайшасына тиіп кетті. Одан кейін Римо да тағы бір мүмкіндік болған, дегенмен бұл жолы да оның соққысы діттеген жеріне жетпеді. Іле-шала айып добы орындалып, Думан Нәрзілдаевтың әуелете асырған пасын Сергей Струков баспен голға айналдырды. Есеп – 2:1, «Қайсар» тағы да алға шықты және бұл нәтижені ойын соңына дейін ұстап тұра алды. Ал егер Жасұлан Молдақараевтың өте қауіпті соққысы қорғаушылардан құралған қорғанға тимегенде, онда есеп бұдан да ірі болар еді.
Сонымен, «Жетісуды» жеңген жерлестеріміз қоржындарына 18 ұпайды салды. Ендігі кезек ел кубогының аясындағы ойында. Дмитрий Огай шәкірттері 14 мамыр күні Қызылорданың Орталық стадионында ел чемпионы «Ақтөбені» қабылдайды.
Жеңісті күндеріміз жалғаса берсін!
«Қайсар» ФК баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз