Судьялар «Болашақ» арқылы оқиды

63

0

Судьялар «Болашақ» арқылы оқидыМемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықова мен Жоғарғы Сот Төрағасы Қай­рат Мәми және «Астана» халық­аралық қаржы орталығының (АХҚО) басқарушысы Қайрат Келімбетов «Болашақ» халық­аралық стипендиясының 2016 жылғы стипендиаттары – судьялармен және сот жүйесінің қызметкерлерімен кездесті.
Басқосуға АХҚО басқарушы қызметкерлері мен судьялар да қатысты. 04.04.2017 1 Кездесуді ашқан Қ.Мәми Ұлт жоспарын іске асыру шеңберінде әлемдегі ең озық 30 елдің қатарына кіру үшін Қа­зақ­станда ауқымды реформалар жүріп жатқандығын атап өтті. Ол қатысушылардың наза­рын «Астана» халықаралық қар­жы орталығының қызметі Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағыт­талғанына аударды. АХҚО бүкіл Орталық Азия айма­ғы үшін қаржылық хабқа айналуы және әлемдегі алдың­ғы қатарлы 20 қаржы орта­лы­ғының қатарына енуі тиіс. «Ұлт жоспарының 24-қа­дамын іске асыру шең­берінде Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың тапсырма­сы бойынша Аста­нада халық­ара­лық арбитраж орталығы құрыл­мақ. Орталық жанынан ан­глосаксондық құқық жүйесі мен сот ісін жүргізуде ағыл­шын тілі қолданылатын қар­жы сотын құру арқы­лы инвес­ти­циялық дауларды шешу көз­деліп отыр. Осыған орай англо­сак­сондық құқық жүйесін зерде­леу мақсатында шет елде ар­найы тағылымдамадан өткен су­дья­лар кон­тингентін даярлау қажет­тілігі туындады», – деді Қ.Мәми. Шет елдерде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия жұмысы туралы айтқан сөзінде Г.Әбдіхалықова қазіргі таңда «Болашақ» халық­аралық стипендиясы бо­йынша басым мамандықтар тізбесіне «Су­дьялар мен сот жүйесінің қыз­мет­керлері» санатын қосу­дың айрықша өзекті екендігін атап өтті. «Бұл Мемлекет басшы­сы­ның заң үстемді­гін қамтамасыз ету және Қазақстандағы инвес­тициялық ахуалды жақсарту бойынша алға қойған міндетін табысты іске асыру үшін еліміздің судьялары мен қыз­мет­керлерінің біліктілігін одан әрі арттыруға мүмкіндік бере­ді», – деді Мемлекеттік хатшы. Кездесуге қатысушылар «Ас­тана» халық­аралық қаржы орталығының Жоғарғы Сотпен бірлесіп сот жүйесінің сұрауы бойынша тағы­лымдаманы ұйымдастыру бағытында ат­қарған жұмысының қоры­тын­дысы туралы хабардар болды. Өз сөзінде АХҚО басқа­ру­шысы Қ.Ке­лім­бетов халық­аралық қаржы орталығын құру­да адами капиталдың әлеуеті маңызды рөл атқаратындығын, сондықтан да, АХҚО Білім және ғылым министрлігімен бір­лесіп арнайы бағдарлама әзір­легендігін атап өтті. «Ел экономикасына қар­жылық ресурстарды тарту және капиталдың жаңа легін қа­лып­тастыру мақсатында АХҚО-ға жоғары білікті ма­ман­­дар қа­жет», – деді Қ.Келім­бетов. Кездесуде Жоғарғы Соттың судьясы Мадияр Балкен тағы­лым­даманы ұйымдастыру жұ­мыстарын үйлестіру бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндады. «Тағылымдама бағдар­ламасы Дубай халықаралық қаржы орталығы жұмысының тәжі­­рибесі ескеріле отырып әзір­ленген. Тағылымдама бағ­дар­ламасы шеңберінде сти­пен­­диаттар ағылшын тілінде іс қа­ғаздарын жүргізу, ағыл­шын судьяларының жұмыс қағи­­даттарын, құқық үстем­дігі мәселесін, соттың заң шығару және соттың үлгі­лік ісін, коммерциялық құқық­тың түрлі салаларының ерекше­ліктерін (келісімдік, банктік, қаржылық), ағылшын азамат­тық процестерін, халық­аралық арбитраждық құқық­ты зерттейтін болады. Соны­мен қатар, стипендиаттар үшін Ұлыбританияның соттарын­да, жетекші заңгерлік қауымдас­тық пен адвокаттар кеңселерін­де ұзақ мерзімді тәжірибеден өту жос­парланып отыр», – деді М.Балкен. Кездесуде стипендиаттар атынан Астана қаласы Ал­маты аудандық сотының судьясы Данияр Хопабаев, Маман­дан­дырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Гүлнәр Сатбаева және депар­таменттің халықаралық байла­ныстар секторының меңге­рушісі Адия Рамазанова сөз алып, олар кәсіби қыз­метті жақсарту үшін тағылым­даманың айрықша маңыз­ды­лы­ғына тоқталды және оны ойдағыдай өткеру үшін бар­лық күш-жігерлерін жұмсай­тын­дықтарын айтты.
Нұрлыбек Досыбай,
«Егемен Қазақстан»
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз