Суицидтік мінездегі 237 қоғамдастық пен топ жабылған

64

0

Суицидтік мінездегі 237 қоғамдастық пен топ жабылған
Суицидтік мінездегі 237 қоғамдастық пен топ жабылғанОрталық коммуникациялар қызметінде интернетте отыратын балалардың қауіпсіздігіне арналған брифинг өтті. 
Оған  Адам құқығы жөніндегі Ұлттық орталықтың басшысы Серік Оспанов, Білім және ғылым министрлігі Балалар құқықтарын қорғау комитетінің төраға орынбасары Ержан Ерсайынов пен Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитеті төрағасының орынбасары Михаил Комиссаров қатысты.
Брифингте әуелі балалардың қауіпсіздігі туралы Серік Оспанов айтып берді. Ол былтыр Омбудсменнің атына балалардың құқықтарының бұзылуына қатысты 81 арыз келіп түскенін, олардың дені зорлық-зомбылық, алименттерді өндіру, түрлі жәрдемақыларды төлеу, мүгедектікті белгілеу, балаларды институттық мекемелерге орналастырудың заңдылығы, білім беру мекемелерінің қызмет етуі және басқа да мәселелерге қатысты болғанын, ал балалардың өздерінен 3 арыздың ғана түскенін айтты.  
–Осыған байланысты, – деді ол – өткен жылы Омбудсменнің тапсырмасы бойынша аппарат қызметкерлері жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мекемелерге мониторинг жүргізді. Қазіргі кезде интернет адамның өміріне жаман жағымен де кесірін тигізіп жатыр. Осы жағдайды ескеріп, мемлекеттік органдар тарапынан бірқатар жүйелі жұмыстар жасалып келеді. Алайда, бізге әлі қол қусырып отыруға болмайды. Енді адам елімізде интернет, телеарна, басқа да технологиялар арқылы баланың өміріне қауіп төнідіретін нәрселер жасаса, заң жүзінде жауапқа тартылады. 
Жиында Білім және ғылым министрлігінің өкілі ведомство тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты. Ол баланың қауіпсіздігі, оның блос уақытын тиімді өткізу үшін тиісті шаралардың істелініп жатқанын, білім беру ұйымдары прокуратура және ата-аналар қоғамдастығымен бірігіп, балалардың тәртібі мен бос уақытын бақылауды күшейту бойынша үнемі түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отыратынын жеткізді. 
– Осы жұмыстың нәтижесінде баланың өміріне кері әсерін тигізетін әлеуметтік желіні белсенді пайдаланушылар анықталды. Қазір біз осы бағытта тиісті органдармен нақтылы жұмыс істеп жатырмыз. Білім және ғылым министрілігінің бастамасымен 1-21 сәуір аралығында білім беру ұйымдарында дәстүрлі «Қауіпсіздік интернет» республикалық ақпараттық кампаниясы өтеді. Балалардың құқықтары мен заңды мүддесін қорғау мәселелері бойынша министрліктің Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің 8 (7172) 74 25 28 сенім телефонына хабарласуға болады, – деді ол.
Ал, Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің өкілі келтірген длеректерге қарағанда, былтыр уәкілетті органмен жүргізілген ескерту жұмыстарының негізінде интернет-ресурстар әкімшіліктерімен 110 мыңнан астам құқыққа қарсы материалдар жойылған. 1148 құқыққа қарсы материалдарға қатысты 144 сот органдарының шешімдері орындалды. 
Өткен жылы қатыгездікті, зорлық-зомбылыққа бас ұруды және порнографияны насихаттайтын 26 081 материалдарға қолжетімділікті шектеу бойынша шаралар қолданылды.
Жылдың басынан Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің талаптары бойынша әлеуметтік желілерде орналасқан суицидтік мінездегі 237 қоғамдастықтар мен топтар жабылған.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз