Сығанақ музейі ашылды

248

0

Сығанақ музейі ашылдыЕлбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» мақаласындағы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Туған жер» жобалары халықты отансүйгіштікке баулудағы ұтымды жолы. Мәселен, қазақ жерінде әлемге таралған түркі мәдениетінің алтын қазығы саналатын көне қалалар көп. Солардың бірі – сан ғасырлық тарихы бар Сығанақ шаһары.
ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі Сұлтан Сартаев, тәуелсіздігіміздің басы Сығанақтан бастау алады деді. «Өзіміздің тарихи жерлерімізді елге таныстыруымыз керек. Мынау Сығанақ деген өте ескі қала. Қазақ хандарының бәрінің орталығы болған жер. Сығанақты қазақ халқы туған жеріндей көретіні сол. Өйткені біздің тәуелсіздігіміздің басы осы Сығанақта жатыр. Жалпы аумағы 80 гектарды құрайтын қаланың басты-басты нысандары анықталып, табылған жәдігерлер «Сығанақ тарихы» музейіне қойылды. Мұражайдағы жүзден астам құнды қазба және жазба деректер ғасырлардан сыр шертіп, дәуірлер жаңғырығын жалғап тұрмақ», – деді академик.
Бүгінде Қаратаудың етегіндегі ортағасырлық қаланы ашық аспан астындағы археологиялық паркке айналдыру жоспары сәтті жүзеге асып, «Сығанақ тарихы» музейі ашылды. Сығанақ – қазақ даласындағы маңызды сауда және қолөнер орталығы болған қала. Алтын Орда, Ақорда құрамында болған шаһар 15-ші ғасырда қазақ хандығының негізгі саяси-экономикалық қалаларының бірі болып саналды. Жоңғар шапқыншылығынан кейін дүркіреп тұрған шаһар тіршілігін тоқтатты. Археологиялық зерттеулер көрсеткендей, мұнда түркі өркениетінің тұтас тарихын айғақтайтын қазба ескерткіштердің барлық түрі кездеседі.
Тарихшы Әлімжан Ержановтың айтуынша, Сығанақта сауда байланысы қатты дамыған. Тіпті Сығанақ теңгелері қазіргі Ресей территориясынан да табылып жатыр екен. «Сығанақ теңгелері Еділ бойындағы көне Алтын Орданың қалалары Сарай, Гүлстан жерінен шығып жатыр. Ең соңғы халық мұнда 19 ғасырда өмір сүрген. Қала тұрғындары кейіннен қазіргі Жаңақорған аумағына қоныс аударған. Бүгінде көне қаланың мешіт-медресесі қайта қалпына келтірілді. Рухани нысан орыс саяхатшысы Якубовскийдің 1927 жылғы фотосуретіндегі үлгісі бойынша жаңғыртылды. Ендігі кезек Дешті Қыпшақ, Ақорда, қазақ хандығының астанасы болған шаһарды әлемге таныту болып отыр», – дейді белгілі тарихшы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз