СЫР ДИҚАНДАРЫНЫҢ РЕКОРДТЫҚ ӨНІМІ

52

0

СЫР ДИҚАНДАРЫНЫҢ РЕКОРДТЫҚ ӨНІМІ Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев астық жинау науқанының табысты аяқталуына байланысты еліміздің агроөнеркәсіп кешені еңбеккерлеріне құттықтау жолдады.

«Қазақстанда жиын-терін науқаны аяқталып келеді. Бұл – ауыл еңбеккерлері, агроөнеркәсіп кешені және бүкіл еліміз үшін азық-түлік қауіпсіздігінің деңгейін айқын көрсететін аса маңызды оқиға.
Биылғы науқан нәтижесін Тәуелсіздіктің 25 жылдығына тамаша тарту деп бағалауға болады. Өйткені, бұл жолы жиналған астық мөлшері – осы кезеңдегі ең ірі жетістіктің бірі.   
Астықтың жалпы көлемі 23 миллион тоннадан асты,  бұл – былтырғыдан бір жарым еседей артық көрсеткіш.
Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарының диқандары 5 миллион тоннадан астам астық алды. Қарағанды облысында миллион тоннадан астам астық жиналып, бұрын-соңды болмаған көрсеткішке қол жеткізілді. 
Ауыл шаруашылығы саласындағы өзге дәнді дақылдар бойынша да жиын-терін науқанының нәтижелері көңіл қуантып отыр. Қызылорда облысында күріштен рекордтық өнім алынды»» – деп атап өтті Елбасы. 
***
– Қызылордалық диқандар егін орағын аяқтады. Биыл Сыр диқандары күріштің әр гектарынан 54,9 центнер өнім жинап, ел қамбасына 439 769 тоннадан астам астық құйды. Бұл – тәуелсіздік жылдарындағы ең жоғары көрсеткіш. Соңғы төрт жылда облыс диқандары әр гектардан алатын өнім көлемін тұрақты арттырып келеді, – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Бахыт Жаханов. 
Аймағымыздағы көптеген шаруашылықтар дақылдың әр гектарынан 70 центнерден артық өнім жинады. Қармақшы ауданындағы «Достық-Жер-МК” және «Жаңажол” ЖШС гектар сайын 80-82 центнерден өнім алды. Ал аталған ауданның «Ақтөбе” АҚ бірқатар алқаптардан 90 центнерден Сыр салысын жинады. Дәл осындай жоғары көрсеткіштерге Сырдария мен Жалағаш аудандары да қол жеткізіп отыр. Қос ауданның диқандары гектарынан 75 центнерден артық өнім алды.  
Негізгі дақыл күріштен 439769 тонна Сыр салысы жиналды. Атап өту қажет, өткен жылмен салыстырғанда күріш көлемі 3,8 мың гектарға кем болғанына қарамастан, жалпы өнім 16,2 мың тоннаға артық болды. Саланы мемлекеттік қолдау нәтижесінде күріш өндірісіне жаңа технологиялар енгізіліп, жоғары сортты тұқымдармен сапалы өнім алуға қол жеткізілуде. 
Биылғы рекордтық көрсеткіш ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына толымды тарту болып отыр.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз