Сыр елінің сыйы

63

0

Сыр елінің сыйы«Тойдың болғанынан, боладысы қызық» деген ежелгі қазақы тәмсілге салсақ, онда ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің боладысынан өтіп, енді нақты іс пен жұмыс арқылы көрменің көрігін қыздырар шақ­қа жетіп тұрмыз. Бұл ретте бар жауапкершілікті Астананың мой­нына артып қоймай, тұтас Қазақ­станның бір қолдың саласындай қимылдағаны керек.
Ең алдымен «Байқоңыр» ғарыш айлағы мен Қорқыт ата зиярат ету кешені ЭКСПО-2017 көрмесінің бір нысаны ретінде картаға енгенін айтқанымыз абзал. Бұл дегеніңіз, көрмеге келген туристер ғарыштың адамға қалай бағынғанын көзбен көріп, түбі бір түркіге ортақ тұлға – Қорқыт атаның басына зиярат етуге бірден-бір мүмкіндік болмақ. Осы ретте Қорқыт ата кешенінен этноауыл бой көтеріп, ұлттық қолөнер бұйымдары көпшілік назарына ұсынылады. Сондай-ақ, спорттық-мәдени шаралар да ұйымдастырылады. Туристік операторлардың мәліметінше, жер кіндігі Байқоңырға Германия, Ұлыбритания және Қытайдан келуге ниетті туристер көп. Осыған орай жұлдызды қалашықты көрмекке келген саяхатшылардың өтініштерін қарау мерзімі 45 күннен 10 күнге қысқарды. Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Нұржан Өмірсерікұлының айтуынша, көрмеге Сыр елінен 75 мың адам қатысады деген болжам бар. Облыстан көрмеге темір жол көлігімен 50 мың адам, әуе көлігімен 10 мың адам және автобуспен 15 мың адам жеткізілетін болады. Көрме кезінде Қызылорда-Көкшетау пойызына қосымша 36 вагон жалғанады. Бұл жолаушылардың барыс-келісін жақсарту үшін жасалатын қадам. Сонымен қатар, шара барысында Қызылорда қаласынан Астана бағытына 3 жолаушы пойызы ұйымдастырылған. Күнделікті «Қызылорда – Көкшетау» пойызы, жұп күндері «Қызылорда – Пет­ропавл» және тақ күндері «Қы­зылорда – Астана» пойыздары жү­реді. ЭКСПО-2017 көрмесі кезінде Қызылорда облысынан бөлінген квота күніне 536 орынды құрайды.  Сондай-ақ, тамыздың 10-14-і күндері Астанада Қызыл­орда облысының өнері және мәдениеті күндері өтуде. Об­лыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Жанат Құрамысова  осы күндері Н.Бекежа­нов атындағы қазақ музыкалық драма театры ұжымы елордалықтарға Иран Ғайып­тың «Қорқыт» спектаклі мен өзге де қойы­лым­дарын ұсынатынын айтады. Бағдарламаға сәйкес, өнер ұжымдарының концерті, кол­өнер бұйымдарының көрмесі де өтеді. ЭКС­ПО-2017 ресурстық орталы­ғының ди­рек­торы Жандос Тұсма­ғамбетовтың айтуынша, қызылор­далықтар көрмеде 6 жобаны та­­ныс­тырады. Қысқасы, қызылор­далықтар ха­лық­аралық көрменің мәні мен маңызын арттыруға жан-жақты дайындықпен келіп отыр.
 
Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан» Қызылорда облысы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз