Сыр өңірінде екі бірдей спорт кешені ашылды

50

0

Сыр өңірінде екі бірдей спорт кешені ашылдыБүгін Жаңақорған және Қазалы аудандарында заманауи үлгідегі спорттық
сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Спорт кешендері қажетті
құрылғылардың барлығымен жабдықталған.

Жаңақорғанда құрылысы 2014
жылдың тамыз айында басталған спорт нысанында бір мезгілде 150-ден аса
адамның жаттығуына мүмкіндік бар. Бұл жаңа спорт кешенінің ашылуымен
облыстық мәслихат хатшысы А.Әлназарова аудан тұрғындарын құттықтап,
жылы лебізін білдірді.

– Елбасының сарабдал саясатының нәтижесінде
елімізде осындай әлеуметтік нысандар көптеп бой көтеруде. Соның бірі
бүгін пайдалануға беріліп отырған спорттық сауықтыру кешені. Өскелең
ұрпақтың дені сау, заман талабына сай қабілетті болып өсуіне мемлекет
тарапынан барлық мүмкіндіктер жасалуда. Ендігі кезекте Жаңақорғанның жас
жеткіншектері осы кешенде жаттығып, ел абыройын асқақтады деген
сенімдеміз, – деді облыстық мәслихат хатшысы.

Өз кезегінде ардагерлер кеңесінің төрағасы
М.Махмұтұлы жұртшылық атынан ризашылығын жеткізді, жас спортшыларымыз
алдағы уақытта дүбірлі додаларда намысты қолдан бермей көк байрағымыздың
биіктен желбіреуін тілеп ақ батасын берді.

Сондай-ақ, дәл осындай спорт нысаны Қазалы ауданы, Әйтеке би
кентінде ашылды. 160 орындық заманауи үлгіде салынған спорт кешенінің
ашылуымен облыс әкімінің орынбасары Р.Кенжеханұлы құттықтап, мемлекет
басшысының жүргізіп отырған саясатының басты бағыттарының бірі –
жастардың спортпен айналысуына барынша жағдай жасау екендігін айтты.
Бүгінгі ашылып отырған сауықтыру кешенінен тәрбиеленетін спортшылардың
ел абыройын асқақтататына сенім білдіретіндігін жеткізді.

Айта кетейік, облыста бұқаралық спортты дамытуға
көп көңіл бөлініп, қыруар жұмыстар атқарылып жатыр. Биыл Қызылорда
қаласында бокс орталығы мен ипподром пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Сонымен қатар, Илья Ильин атындағы ауыр атлетикадан спорт кешені мен үш
мың орындық жабық футбол манежінің құрылысы басталады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз