Сыр өңірінде силикат кірпіш өндірісі жанданбақ

90

0

Сыр өңірінде силикат кірпіш өндірісі жанданбақСыр өңірінің Шиелі ауданында тұңғыш рет инвестициялық форум өтті. Қаратау етегіндегі бұл аймақта қазба байлық аз емес. Уран өндірісінде де өзіндік орны бар. Дегенмен, шикізатты терең өңдеу, экономиканы әртараптандыру – бүгінгінің талабы. Уран өндіруге керек құбырлар дайындау, мия тамырын өңдеу, әк тасын шығару. Бұл – индустрияландыру бағдарламасы қолға алынғалы аудан көлемінде іске қосылған жаңа өндірістердің бір парасы.

Жалпы шағын-орта кәсіпкерлік төңірегінде кезегін күткен 20 жоба форум қатысушыларына таныстырылды. Соның бірі жылыжай қалашығын салу бастамасына бизнес өкілдері ерекше назар аударды. Мамандар ауылшаруашылығы саласы бойынша өндірілген өнім мен тұтыну деңгейін де саралап қойған. Шиеліліктер күріштен бөлек көкөніс, бақша өнімдерін сырт өңірлерге сатады екен. Керісінше құс еті мен жұмыртқаның 90%-ы сырттан әкелінеді. Демек құс өсіру фермасын салу инвесторларға мол мүмкіндік туғызары анық.

«Шағын құс фермасы 1000 басқа 8,9 млн. теңге болады. Егер өз қуатында жұмыс істейтін болса, 1 жылда өзін-өзі ақтап кетеді деп есептеп отырмыз. 400 тонна құс етін өндіруге, 2000 дана жұмыртқа өндіруге мүмкіндік береді», – дейді Шиелі аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің маманы Базарбай Сахов.

Мемлекеттік қолдаудың қолжетімділігі керек. Кәсіпкерлер палатасы бұл бағытты да жүйелендірудің жолын тауып берді. Облыста бесінші болып Шиелі ауданында кәсіпкерлерді қолдау орталығы ашылды.

«Аудан деңгейінде осындай орталық ашылып жатыр және бүгінгі жаңалық Сұлутөбе және Еңбекші ауылдарында тікелей ауылдан шықпай, кеңес алуға болатынын бүгін дәлелдеп отырмыз», – дейді Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Руслан Досмаханов.

Инвесторларға қолайлы жағдай бар. Осы мақсатта Шиелі кентінен 50 гектар жер телімі бөлініп, арнайы индустриалды аймақ құрылды. Экономикасы тұрақты, табиғи ресурсқа бай, инфрақұрылымы дайын өңірге қаржы салуға ниетті кәсіпкерлер форум аясында меморандумға қол қойды. Бұл келісімдер негізінде силикат кірпіш өндірісі жанданып, ет экспорты артады деген болжам бар, деп жазады 24.kz.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз