Сыр өңірінде тұмауға қарсы екпеге 36 млн теңге бөлінген

65

0

 Қазақстанда тұмауға қарсы жаппай екпе егу басталды. Эпидмаусымдық шара Сыр өңірінде де қарқын алды. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 36 млн теңге бөлініп, 42 мың мөлшер вакцина сатып алынған. Соңғы екі аптада 8 мың 600 адамға инфекцияға қарсы екпе жасалыпты, деп хабарлады «24 кз» арнасы.
Отит, демікпе және пневмания. Осы секілді асқынулардың алдын алу үшін вакцина егу маңызды. Көпбалалы ана Самал Мыңбаева да екпе ектіргеннің арқасында тұмауға тұтылмай келеді екен.
Самал Мыңбаева, қала тұрғыны:
– Күйеуім де, өзім де, балаларымыз да келіп аламыз. Қыс бойы ауырмаймыз. Жақсы боламыз, екі жылдай болды қатарынан алып жүргенімізге. Жағымсыз әсері болмайды, жақсы қабылдаймыз.
Вакцинаның құрамында А және В типті түріне қарсы әсер ететін антигендік штамм бар. Бұл екпелер ресейлік өндірушілерден сатып алынды.
Бибізат Бермаханова, иммунолог:
– Бұл – өте жақсы тазартылған, жоғары дәрежедегі препарат. Ересектерге де, балаларға да жағымды. Жылдан-жылға біздің вакцинаның егілу ауқымы көбейіп жатыр. Сондықтан былтыр 3 мыңға жуық жоспар берсек, биыл 4 мыңнан аса жоспар бердік.
Жұқпалы ауруларға шалдығу қаупі ең көп әлеуметтік топтарға вакцина егу тегін жасалады. Олардың қатарында созылмалы өкпе, жүрек-қан тамырлары ауруларымен ауыратын, иммунитеті төмен және жиі ауыратын балалар, медицина қызметкерлері мен жүкті әйелдерге тегін егіледі. Сонымен қатар қарттар үйі тұрғындары мен мектеп-интернат өрендері де осы санатқа кіреді. Тұмауға қарсы вакцинаны ақылы түрде алуға да болады.
Әлия Әбдіқайымова, облыстық Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары:
– Бүгінгі күні барлық емханалар: облыс деңгейіндегі, қала, аудандық емханалардың бәрі дайын. Егу кабинеттері дайын, барлық емханаларда фильтрлер дайын, онда санитарлық талаптарға сай құрал-жабдықтармен қамтылған.
Ең дұрысы, ауырып ем іздегеннен, ауырмайтын жол іздеу. Эпидмаусым кезеңінде барынша тазалық сақтау және тұмаудың алғашқы белгілері пайда болғаннан бастап дәрігерге қаралу керек деп кеңес береді дәрігерлер.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз