Сыр сақшылары соғыс ардагерлерін Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтады

59

0

Сыр сақшылары соғыс ардагерлерін Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтадыБүгін Қызылорда облысы ішкі істер департаментінің басшылығы Ұлы Отан соғысына қатысқан ішкі істер органдары ардагерлерінің шаңырағында болып, мерекелерімен құттықтады. Бұл туралы ОІІД баспасөз қызметі хабарлады.

Ұлы Жеңіс мерекесінің қарсаңында тәртіп сақшылары ҰОС ардагерлері Бержанов Махамбет пен Сақтағанов Дәуітбайдың қал-жағдайын білу мақсатында Сырдария ауданында болды.

Бержанов Махамбет Забайкал әскери округі 36-шы армиясының 293-ші атқыштар полкінде Чита облысында әскери борышын атқарып, 1945 жылы жапон соғысына қатысады.

Ішкі істер органдарына 1954 жылы кабылданып, Қармақшы аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы лауазымына дейін көтерілген.

Ұлы Отан соғысы жылдарында «Жапонияны жеңгені үшін» I дәрежелі орденімен, «Ерен еңбегі үшін», «Кеңес милициясына-50 жыл» медальдарымен наградталып, «Үздік қызметі үшін» төсбелгісімен марапатталған. Бүгінде Бержанов Махамбет немере-шөбере сүйген ардақты ата. Ол тәрбиелеп өсірген 7 баладан 20 немере, 12 шөбере өрбіген. Ұлы Отан соғысы ардагері өздері сыйлаған егемен, тәуелсіз елде ұрпақтарының бақытты өмір сүретініне тәуба етеді.

Сонымен қатар, дәл осы күні полиция қызметкерлері Сақтағанов Дәуітбай ардагердің де үйінде болды. Ұлы Отан соғысының ардагері Сақтағанов Дәуітбай 1943-1948 жылдары Қызыл әскер қатарына шақырылып, 210 атқыштар дивизиясының 649-полкінде, онан соң №39 атқыштар дивизиясының 50-полкінде қатардағы жауынгер ретінде Жапониямен соғыста, Манчжурияны азат етуде болған шайқастарға қатысқан. Тереңөзек, Қармақшы аудандық милиция бөлімінде бақылаушы, №728 арнайы комендатурасы комендантының көмекшісі, оперативтік уәкіл, арнайы комендатура коменданты, аға тергеуші қызметтерін атқарған.

«Жапонияны жеңгені үшін» орденімен, І және ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» және т.б. медальдармен, ОІІБ-ның Құрмет грамоталарымен марапатталған. Қазіргі таңда ардагер 10 баладан 12 немере, 7 шөбере сүйіп отыр. Ол немере, шөберелеріне соғыс жайлы әңгімелер айтып, бейбітшіліктің әр күнін бағалау қажеттігін үндеп отыратынын жеткізді.

Қарт сарбаздар қонақтарға жеңістің қандай қиындықпен келгенін айтып, сұм соғыстың қасіреті жайында сыр шертті. Полиция қызметкерлеріне көрсетіп жатқан құрметтері үшін ризашылығын, жүрекжарды лебіздерін білдіріп, баталарын берді. Өз кезегінде тәртіп сақшылары жарқын болашақты сыйлаған соғыс ардагерлерінің ерен еңбегі зор екендігін ерекше атап өтіп, естелікке бағалы сыйлықтарын ұсынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз