Сырда туған Толағай талайды таңғалдырды

46

0

Сырда туған Толағай талайды таңғалдырдыАлматыда ауыр атлетикадан өткен әлем чемпионаты спорт тарихында алтын
әріппен жазылып қалары сөзсіз. Себебі, дүбірлі дода өз елімізде биік деңгейде
өткенімен қоса, көк туымызды көкке ілген тарландарымыздың ерліктерімен мәңгі
есте қалады. Зілтемірді шырқ үйірген Сыр Толағайы Илья Ильин де алтынды қанжысына
бөктеріп, төрт дүркін әлем чемпионы атанды. Бұған дейінгі жарыстарда 94 келіде
өнер көрсетіп жүрген ол салмақ ауыстырып, бірінші рет 105 келіде сынға түссе де
жаһан жұртын тағы да жасындай жалт қаратты. Қоссайыста қазақстандық атлет 432
ұпай жинап (190+142) алтын медальді былтырғы әлем чемпионы – өзбекстандық
фаворит Руслан Нуриддиновтан (193+139) жұлып алып кетті. Ильяның салмағы
Нуриддиновтан аз болып шықты. Үшінші орынды ресейлік спортшы Давид Бенджанян
427 ұпаймен (187+240) иеленді. Сонымен қатар, Илья Ильин әлем чемпиондарының
қойған рекордын тас-талқан етіп, серпе көтеруде 242 келіні аспанға атты. 

Илья Ильинді жеңісінен кейін бірден телефонмен президент Нұрсұлтан
Назарбаев құттықтады.
«Президент мырза, Сіздің тапсырмаңызды орындадым! – деп бастады
И.Ильин Қазақстан Президенті Н.Назарбаевпен телефон арқылы әңгімесінде тікелей
эфирде.
«Бұрын мен 239 келіні
серпе көтеріп жүретінмін. Одан жоғары салмақты Риода өтетін Олимпиада
қалдырдым. Бүгін 242 келіні көтеруге тура келді. Өйткені, шешуші сөз менде
болды. Давид Бенджанян үшінші орынды иеленді. Ол 240 келіні көтерген соң маған
одан озу керек болды. Мен 242 келіге бардым. Өйткені, өзбекстандық Русланды
артта қалдыру керек болды. Мен одан жұлқа көтеруде 3 келі артта едім (190+242)
осындай қадамға бару керек болды. Қысқасы, осылай болды… Сізге көп рахмет. Мен енді
дайындалатын боламын. Көп рахмет,
Сізге!» – деді чемпион Елбасыға.
Илья өз жеңісін алдымен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа және
Қазақстан халқына арнайтынын мәлімдеді.
«Мен ең алдымен, әрине, біздің Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлына алғыс
айтамын, өйткені оның маған көрсеткен қолдауын, маған деген сенімін ешуақытта
ұмытпаймын. Ол: «Бұл жігіт жеңіп шығады!», – деді. Сондықтан да мен өз жеңісімді Қазақстан Президентіне және халқыма арнаймын.
Президенттің «Нұрлы жол» бағдарламасы – жеңістер бағдарламасы!». Мен 242 келілік штангаға
келіп, залдағы адамдарға қарадым және солар үшін, Қазақстан үшін жеңіске жетуім
керек деп ойладым. Сөйтіп, жеңіске жеттім!», – деді Илья Илин «KAZsport»
телеарнасына берген алғашқы сұхбатында.
Сыр толағайының ерлігін теледидардан тамашалаған Қызылорда облысының әкімі
Қырымбек Көшербаев ата-анасының үйіне барып, құттықтап, қуанышымен бөлісті.
Сонымен қатар, Илья осы жеңісімен 2016 жылы Рио де Жанейро Олимпиадасының
жолдамасын да алып отыр. Бұған қоса, әлем біріншілігінің қорытындысымен үздік
атлет болып танылды. Өзінің Instagram-дағы парақшасына үздік атлет кубогын
қолына ұстап тұрған суретін жариялап: «Мен ең үздікпін! Маған жанкүйер болғандардың бәріне рахмет! Бұл біздің жеңісіміз!» – деп жазды.
Иә, бәрін айт та, бірін айт, Ильяның ер ісі ертегіден кем болмады. Алаштың
Әнұранын әуелетіп, төрткіл дүниені бас игізді. Күміс жүлдегер өзбек атлеті Р.Нуридинов
таңданысын жасыра алмай, И.Ильинді «нағыз машина» деп атаса, әйгілі Eurosport.ru сайты Ильинді өмірі жеңілуді білмейтін
атақты жеті спортшының қатарына қосты.
Иілмейтін Ильяның кезекті тарихи жеңісіне елімізде қуанбаған адам кемде кем шығар. Жерлестері де төрт көзі түгел отырып, Орталық
алаңдағы және «Мұз айдыны» спорт кешеніндегі лэд экран арқылы өнерін қадағалады.
Ол «тағы да алтын аламын» деген уәдесін орындады. Жеңіс тұғырына көтерілгенде үлкені
де, кішісі де тұрып қол соғып, абыройы ақша бұлттан асқандай тебіренді. Ильяның
құрметіне жастар ән айтып, би де биледі. Олар ыстық ықыласын «Илья – чемпион»,
«Илья – біздің мақтанышымыз», «Біз саған сенеміз!» деген түрлі жазулармен
білдіріп жатты. Бір сөзбен айтқанда, Сыр елі үшін бұл күн үлкен мерекеге
айналды.
Сыр Толағайының жеңісі Қазақстан жұртына ортақ. Ал қызылордалықтар
жерлесінің туған топырағына оралуын асыға күтеді.
 
Дәурен ОМАРОВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз