«Сөз құны» клубы журналистерге семинар ұйымдастырды

98

0

«Сөз құны» клубы журналистерге семинар ұйымдастырды«Руханиятты жаңғырту» қоғамдық қорының жанынан ашылған «Сөз құны» журналистер клубы 7 маусым күні журналистердің төл мерекесі қарсаңында семинар-тренинг ұйымдастырды. Облыс бойынша 20-дан аса журналисті қамтыған тренингті тележурналист, КСРО Телевизия және радио қызметінің үздігі, АҚШ-та өткен «Northern lights» телефестивалінің «Әлемдік деңгейдегі жоғары дәрежелі адамгершілік тақырыпты көтергені үшін» авторлық номинациясының бас жүлдегері, қазіргі кезде «Тұран» университетінің оқытушысы Ұлдай Ибадуллаева жүргізді.
Негізінде, былтырдан бері жұмыс жасап келе жатқан «Сөз құны» журналистер клубы Қызылорда облысы бойынша Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан туындаған «Туған жер» бағдарламасына іспен үн қатқан алғашқы ұйым болып отыр. Себебі Ұлдай Ділімбетқызы – Қызылорда облысының тумасы. Әр кез туған жерін мақтан тұтып, «төркінім» деп еркелеп жүретін ол бұл жолы клуб басшысы Нұрлан Көбегенұлының ұсынысын құп көріп, жерлестерімен емен-жарқын әңгімелесіп, көрген-түйгенін айтып, тәжірибесін бөлісуге келіпті.
Бүгінде журналистикада жанрға көңіл бөлмеушілік, журналистік зерттеудің кемшін қалып жатқаны жасырын емес. Осы орайда сұхбат алудың ережелері мен қағидалары, сұхбат алудағы журналистің қызметі, журналистік зерттеу, сараптама жазудың жолдары турасында кең көлемде әңгіме өрбіді. Тақырып аясында отандық, облыстық телеарналарда шыққан журналистердің сараптамалық сюжеттері талданды. Қатысушылар өз пікірлерін ортаға тастап, еркін пікір алысты. Өңір журналистері әр тақырып бойынша бір-бірімен сұхбат алып, әріптестерінің талқысына салынды. «Қазақстан Қызылорда» телеарнасының редакторы, сарапшы журналист Айткүл Шалғынбаева, «Қоғам-ТВ» Қызылорда қоғамдық телеарнасының бағдарламалар бөлімінің директоры – бас редакторы Болат Жұмабаев, телеарнаның редакторлары Ерқанат Сәрсенбай, Дәулет Қырдан, «Ел.kz» сайтының Қызылорда облысы бойынша тілшісі Сағира Темірбекқызы, «Әлімсақ» журналының тілшісі Майра Әділбекқызы, «Ақмешіт жастары» газетінің тілшісі Құралай Рахымбаева, «Ұстаз мәртебесі» газетінің тілшісі Айдар Әділжанұлы, Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің тілшісі Балтабай Ордабековтер белсенділік танытты. Семинар-тренинг соңында журналистердің біліктілігі, сөйлеу тілінің тазалығы, журналист құқығы төңірегінде қойылған сұрақтарға тренер Ұлдай Ибадуллаева тұшымды жауаптар қайтарды.
Туған жерінің патриот қызы Ұ.Ділімбетқызының бұл бастамасы әріптестеріне үлгі болса игі.
 
А.Сайлауов

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз