ТАМЫРЫ ТЕРЕҢ ІРГЕЛІ ОРДА

87

0

Еліміздегі іргелі оқу орындарының бірі, Сыр өңіріндегі ғылым мен білімнің қарашаңырағы, талай тарландарды түлеткен Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің 80 жылдық мерейтойы аясында қараша айының беташар күнінен бастап, «Жұлдызды 30 күн» атты мерекелік іс-шарасы өткізілуде. 

Алдымен «Сейхун» спорттық сауықтыру кешені мен университет ғимараттарының спорт залдарында «Шынықсаң, шымыр боласың» тақырыбында спорт секцияларының жұмыстары көрсетілді. Одан кейін «Сергектік және денсаулық» тақырыбында І курс студенттері арасында спартакиада ұйымдастырылды. Жарыс 7 факультет арасында волейбол, баскетбол, шахмат, футзал, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, жүзу, арқан тартыс секілді спорттың 8 түрінен өтті.  

Одан соң «80 жылдыққа 80 минуттық жаттығу» тақырыбында университеттің профессор-оқытушылары мен студенттерінің сенбілік сергіту сәті өтті. Оған оқу орнынан 200-ге жуық адам қатысты. Шара барысында арқан тартыс, кір тасын көтеру, жүгіру және өзге де спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылды.  

«Жұлдызды 30 күннің» алтыншы күнінде «Мәдени мұра – рухани құндылық» тақырыбында «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығының жұмысы университет студенттері мен жергілікті БАҚ өкілдеріне таныстырылды. Орталық жетекшісі Әзілхан Тәжікеев алдымен орталықтың негізгі атқаратын жұмыстары мен маңызын айта келіп, көне дәуірлік мұралардың құндылықтарына тоқталды. 

Сонымен қатар, университеттің ғылыми-техникалық кітапханасында «Рухани жаңғыру – болашаққа сенім» тақырыбында кітап көрмесі өтті. Оған университет оқытушылары, кітапхана қызметкерлері, магистранттар мен студенттер қатысты. Көрме барысында ғылыми-техникалық кітапхана директоры Ж.Әбенова кітапхана қызметі мен білім беру жүйесіндегі базалық жетістіктер жөнінде баяндады.  

Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ғылыми-техникалық кітапханасы гуманитарлық университет, политехникалық институт, облыстық ғылыми-техникалық кітапханалары негізінде құрылған. Бүгінде мұндағы кітап қорының жалпы саны 2 миллионнан асады. Кітапхана облыстағы білім беру жүйесіндегі кітапханалардың әдістемелік орталығы болып табылады. Базасы үнемі толықтырылып, кітап қоры жиі жаңартылып тұрады. Бүгінде кітапхана қорында 5000-ға жуық сирек кездесетін әдебиеттер, 13000-дай ағылшын тіліндегі кітаптар және электронды оқулықтар, аудио-бейнетаспалар бар.  

Сейсенбіде №1 оқу ғимаратындағы М.Шоқай атындағы орталықта «Мәдени мұра – ел байлығы» тақырыбында студенттер арасында интеллектуалдық сайыс өткізіледі. Айта кетейік, «Жұлдызды 30 күн» атты мерекелік іс-шара жоспары 30 қарашаға дейін жоспарланған. 

 

Шынар БЕКБАН. 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз