Тамыры терең Тәуелсіздік

135

0

Тарих бұл фактілердің жиынтығы ғана емес, тұтастай бір халықтың өмірі, тыныс – тіршілігі, өткені мен бүгінінің зердесі. Жылнамалар желісін сымға тізіп, тарихтың ақтаңдақ беттерін ақтарсақ, ел басынан небір зұлмат заман да, нәубет жылдар да өткенін аңғару қиын емес. Елімайлаған қазақтың басынан не өтпеген деп іштей күйзеле қарайсың. Иә, сақтардан санасын бекітіп, ғұндардың ғұпын сақтап, түркілердің дүниетанымын алған халық еді бұл. Арабтардың діни жүйесін меңгеріп, ислам ілімінде аты алысқа жайылған,  дана да дара тұлғаларды дүниеге әкелген жатыр еді бұл. Әбілқайыр хандығынан бөлініп, Шу, Талас өңірінде туын тіккен хандық  еді бұл. Қасымның тұсында жерін кеңейтіп, жоңғар қатынасында Алқакөл сұламаға айналып, Ресейден ынтымақ іздеп,  350 жыл орыстың отары болған жер еді бұл.
Осы жолда елдің тұтастығы мен бірлігі үшін хан да, қара да, би де, шешен де, көсем де өтті. Бабалар арманы ел еркіндігі болатын. «Еркіндік», «Тәуелсіздік», «Азаттық» бұл ұғымдардың аясын қазақ қашанда ұғынған, санасына түйген. 400 – ден астам ұлт – азаттық көтерілістер жасаған халық – байлығының тоналып, жетімінің әкесіз өскенін, әйелінің жесір, күң болғанын, атасы сақтаған ата кәсіптің бұзылып, өзге ұлттың ылаң салғанын қалады дейсіз бе?.. Жоқ, Қазақ қашанда еміренген еркін далада малын бағып, тойын тойлап, ұлан байтақ даланы даналығының арқасында сақтап келген болатын. Қылыштың жүзімен, найзаның ұшымен еркіндікті, азаттықты армандаған халық өз арманына жеткеніне міне жиырма жыл.
Ұлттың ұлылығын ұлықтайтын сәт туды. Қасымның «Қасқа жолының» , Есімнің «Ескі жолының», Әз Тәукенің «Жеті жарғысының» барлығы дерлік ел заңнамасы. Шариғатқа негізделіп жазыла отырып, ел арасында әділдікті, тәртіпті, жалпы құрылымды сақтаған, дәріптеген осы құжаттық негіздің өзі ата заңымыздың түп тамыры, қазығы іспеттес.
Кешегі Кеңестік жүйеде цензураға ұшыраған әдебиет те, тарих та бұрмалана жазылып, айқын ақиқаты танылмай келген болатын. Римдіктер өзінен өзге тайпаларды қалай кемсітсе Ресей империясы да, Кеңестік жүйе де қазақ халқын сондай бұратана мәдениетсіз халық деп таныды. Тіпті біз түп тамырымызды сақтарға тіресек, сақ тайпаларына мәдениет үнді – ираннан, қытайдан келді деп танытты. Өзге мәдениеттер ықпалында ғана қазақ мәдениеті қалыптасты деп дәріптеді. Осыған қарсы пікір айтып ұлт мүддесін көксеген интиллегенцияны айыптады, ашықтан ашық қаралады. 1927 – 1928 жылы алғашқы жаппай қудалаулар жүргізілсе, екінші толқын 1937 – 1938 жылдардағы Алаш қасіреті болып тарихта қалды. 1950 жылдар Е. Бекмахановты Кеңесарыны жазғаны үшін 25 жылға бостандықтан айырса, М. Әуезовты «Абай жолын» қайта жазып шығуға мәжбүр етті. Тіптен 1970 жылдардың өзінде – ақ О.Сүлейменовтың «АЗиЯ» кітабы сөрелерден алынып, оқуға тыйым салынды. Бұл қазақ зиялы қауымының басынан кешірген ауыр тағдыр, ашшы мұң. Олардың есімі айтылмақ тұрмақ, затынан қой үркетін кезеңдер сол кездегі сайқал саясаттың құпиялығы болатын. Қазақ мақтаншақ халық, қонақжай халық. Бауырына бүтіндей өзге ұлттың барлығын басқанымен қасіретті өзі коп тартқан халық. Осы ойларды ағаларымның бары бледі. Бірақ, жасыратын түгі де жоқ. Мен тәуелсіз Қазақстанның ұланымын. Африка халықтарының езгіге ұшырауынан қалған мынадай нақыл бар: Еуропалықтар келгенде бізде барлығы бар еді. Өз жеріміз, байлығымыз өз қолымызда еді. Еуропалықтардың қолында кітап «Інжіл» бар еді. Қазір бізде кітап бар, ал жер солардікі»,- дейді. Бұдан отарлық жүйенің қаншалықты дәрежеде жүргізілгенін көру қиын емес. Міне осындай мәселені Ресей бізге де орнатты. Хандық биліктен айрып, қазақты біріне – бірін қарсы қойды. Ұлт тіпте қазақы болмыстан, психологиядан айрылды. Еуроцентризм мен рускоцентризм ғылымда да қатты қарқында белең алып кетті. Тіпте Кеңестік жүйеде 1960 жылдар ортасында жазылған Қазақ тарихы мектептерде 10 сағат көлемінде оқытылса, КПСС тарихы 36 сағат дерлік оқылды.  Бұл ұлт тарихын тануда өте жеткіліксіз, ауқымы тар сағат сандары.
Тарих ақтаңдақтары өте көп. Ең құдіреттісі қанша қиындыққа төзіп, 1931 – 1933 жылдары қолдан жасалған қырғында 49 пайызға кеміген халық үшін осындай ауқымды жерді өз игілігінде қалдыруы еді. Біз бабалар салған дара жолда қанша орға құлағанымен бойды тіктеп, намысты жықпаған халықпыз. Ұлт азаттық күрестің соңғы нүктесі бүкіл кеңестік аумақтағы ұлттың қайта серпілуіне бастама болған Желтоқсан оқиғасы болатын. Жетпіс жылдай өмір сүрген тоталитарлық жүйе қанша жерден әрекеттенгені мен адамдардың ой-пікір бостандығын біржолата тұншықтыра алмады. Кеңестік жүйенің ұлттар мен халықтардың мәдениеті мен тарихы және ұлтгық сана -сезімін тұншықтыруға бағытталған әрекеттеріне қарсы жаңа наразылық пен жаңа күш туып келе жатты. Бұл күш 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде айқын көрінді. Колбиннің «Үшінші Қазаны» – Қазақстанды біржолата қазақтық сипаттан айыруды мақсат тұтқан қызыл империяның ең соңғы және шешуші зор майданы еді. Бұл майдан да ең алдымен ұлтты рухани жаныштаудан басталды. Студент жастарды, ұлттық интеллигенцияны, қазақ баспасөзін, тіпті ұлттық бюрократияны да жүйелі түрде тоқпақтау осындай мақсатты көздеді. Бірақ саяси күреске үлкен серпін берген Алматы оқиғасын және оның қорытындыларын тұншықтыруға Орталықтың шамасы келмеді. Желтоқсан оқиғасы бүкіл кеңестік аумақтағы ұлттық қайта серпілудің басында тұрды. Бұған Баку, Тбилиси, Сумгаит, Ферғана, Ашғабат, Рига, Вильнюс, Душанбе, Жаңа Өзен оқиғалары жалғасты. Осылайша кемелденген социализмге жеттік деп ұран салған ұлы одақ тамыз төңкерісінен соң тарих сахынасынан біржола жойылды.
Н.Ә.Назарбаевтың «Тәуелсіздік – барлық қазақстандықтар үшін аса қасиетті құндылық» деген сөзі Тәуелсіздіктің 25 жылдығын мерекелеудің негізгі арқауы болып табылады. Қазақстан қысқа мерзім ішінде қазіргі заманғы бәсекеге қабілетті, ауқымды саяси, экономикалық және әлеуметтік реформаларды сәтті жүзеге асырған, өзіндік қазақстандық даму жолын таңдаған мемлекетке айналды. Мемлекеттің барлық өмірінің негізі тәуелсіздік болып табылатынына сүйенуіміз керек. Дәл осы Тәуелсіздіктің нығаюы – Елбасы және барлық мемлекеттік органдар қызметтерінің негізгі мағыналық желісі. Сонымен қатар, бұл өте маңызды құндылық. Мемлекет және еліміздің әрбір азаматы Тәуелсіздікті сақтау үшін барынша күш салуы қажет. Бүгінгі күнгі Тәуелсіздікте көптеген ұрпақтың қыруар еңбегі бар.
Еркебұлан Елеуов.
Қызылорда облысы тарихи – мәдени ескерткіштерді қорғау мекемесінің ғылыми қызметкері. Тарих магистрі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз