Татулықпен көгерген ауыл

52

0

Қармақшы ауданындағы көп ұлтты ІІІ-Интернационал ауылы тарихы терең, сәні мен салтанаты жарасқан аймақ.
Егін өсіруде бай тәжірибе жинақтап, әруақытта күріш өндірісінің алғы шебінде көш бастап жүретін ІІІ-Интернационал ауылындағы «Достық жер МК» серіктестігі былтыр бұрын-соңды болмаған өнімге қол жеткізген еді. Атап айтқанда, күріштің әр гектарынан 55 центнерден өнім алды. Бұл бірлік пен татулықты ту етіп көтерген ауыл тұрғындарының орасан зор еңбегінің арқасында келді.
– ІІІ-Интернационал ауылының Сыр еліндегі орны ерекше. Тәуелсіз Қазақстанда да, Сыр елінде де ауызбіршілік пен ынтымақтың, «Әлемнің әміршісі Еңбектің» нағыз үлгісін көрсетіп келе жатқан, татулықпен көгерген ауыл деп айта аламын, – дейді «Достық жер МК» ЖШС төрағасы Арифов Милияр.
«Достық жер» шаруашылық серіктестігіне соңғы үш жылда 500 млн теңгеге жаңа заманауи ауылшаруашылық техникалар сатып алынып, шаруашылықтың машина-трактор паркі толық жаңартылған. Биыл серіктестік 2400 гектар жерге күріш, 300 гектар мақсары, 152 гектар бидай, 1553 гектар жерге жоңышқа егуді жоспарлап отыр. Соңғы жылдары ауыл диқандары озық технологияларды бағындырып, жаңа жоғары сапалы күріш сұрыптарын қолданып, жоғары көрсеткіштерге жетуде.
Дала төсінде ерен еңбегімен аянбай тер төгіп, бейнетінің зейнетін көріп, шаруашылықты басқарып жүрген түрлі ұлт өкілдері бір жанұядан шыққан балалардай тату еңбек етеді. Ал, Арифов Милияр бастаған түрік бауырлардың еңбек әулетін мақтанышпен айта кеткеніміз жөн. Арифовтар әулеті облысымыздың еңбек династиялары форумында ерекше аталып өткен болатын.
– Бүгінде Қазақстанды құтты мекен санаған ІІІ-Интернационал ауылында 14 ұлттың өкілі тұрады. Олардың жүзі бөлек болғанымен жүрегі бір, тілі бөлек болғанымен тілегі бір, арманы ортақ. Бейбітшілігіміз бен ұлтаралық келісіміміз – Мәңгілік еліміздің басты құндылығы. Біз – «Бір ел – бір тағдыр» деген ұстанымымыз бен бірлігімізді сақтап келе жатқан елміз, – дейді М.Арифов.
Алдағы уақытта биік белестерді бағындырып, жоғары өнімге қол жеткізуді көздеп отырған шаруашылық жетекшісі, келе жатқан мерейлі мерекеміз 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтады.
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз