Теннистен республикалық турнир өтті

59

0

Теннистен республикалық турнир өттіҚызылорда қаласында «Нұрсәт» теннис орталығының жүлдесі үшін 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында теннистен ашық республикалық турнир өтті.

Мақсат – жасөспірімдерді спортқа баулып, салауатты өмір салтын насихаттау. Осымен төртінші мәрте ұйымдастырылған жарысқа Алматы қаласы, Алматы, Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Қызылорда облыстарынан 6 команда қатысты. Олар бес күн бойы өзара бәсекеге түсті. Бұл туралы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

Ұлдар арасында қызылордалық спортшылар жақсы нәтиже көрсетті. Атап айтсақ, Мұхтар Сейітқасымов алтыннан алқа тағынса, Елжас Сағынай күміс жүлдені, Арман Кенжебек қола жүлдені еншіледі.

Ал қыздар арасында Дана Исабаева (Алматы обл.) жеңіс тұғырына көтерілді. Екінші, үшінші орындарды Ләйлә Меңдиярова (Қызылорда) мен Азиза Күпбаева (Ақтөбе обл.) иеленді.

Турнирдің «Ең жас қатысушы» аталымымен Адель Малгонусова (Алматы қ.), «Жеңіске деген ынтасы үшін» оңтүстікқазақстандық Анастасия Попова мен қызылордалық Ләйлә Айтбайқызы, «Үздік техника көрсеткені үшін» Елизавета Кузьменко (Алматы қ.) мен Нұрай Көбенова (Қызылорда қ.) марапатталды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге диплом, кубок және медальдар табыс етілді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз