Тереңөзекте волейболдан XVIII халықаралық турнир басталды

34

0

Тереңөзекте волейболдан XVIII халықаралық турнир басталдыСырдария ауданының орталығы Тереңөзек кентінде жасөспірімдер арасында волейболдан XVIII халықаралық турнирдің ашылу салтанаты өтті. Турнирге Қазақстанның 7 аймағынан және Өзбекстан Республикасынан 22 команда, барлығы 250 спортшы қатысуда. Дүбірлі жарыс 3 күн жалғасып, 24 қыркүйек күні аяқталады, – деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметінен.
Биылғы турнирдің ерекшелігі – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен тұспа-тұс келуінде. Бүгінде облыста волейбол ойыны дамып, жыл сайын республикалық турнирлер, балалар мен жасөспірімдер арасында облыс біріншіліктері ұйымдастырылуда. Сондай-ақ ауыл спортшыларының «Алтын күз» спартакиадасының бағдарламасында аталмыш ойын түрінен жарыстар дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Нәтижесінде аймақтың намысын қорғап, толағай нәтижелерге қол жеткізіп жүрген  облыстың жасөспірімдер құрама командасы волейболдан Қазақстан кубогының иегері, 7 дүркін Қазақстан чемпионы, 17 дүркін жүлдегері атанды. 
Жыл басынан бері облыс саңлақтары ел чемпионаттарында 380 медаль жеңіп алса, Әлем, Азия чемпионаттарында 23 медаль иеленіп, 395 спортшы ұлттық құрама сапына алынды. Биылғы жылдың басты оқиғасы – Рио-Де-Жанейрода өткен XXXI жазғы Олимпиада ойындары. Бұл ойындарда қазақ елінің түрлі дәрежедегі 17 медальді иеленуі – Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына лайықты сый болып саналады. Байрақты бәсекеге Қызылорда облысынан 3 спортшы қатысып, Александр Зайчиков  Олимпиада ойындарының қола жүлдесін иеленді. 
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз