«Тіл шебері -2017» облыстық байқауы өтті

66

0

«Тіл шебері -2017» облыстық байқауы өттіКеше Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасы мен «Медиа-Пресс» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен үштілділікті насихаттау, үш тілді – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген  мемлекеттік қызметшілерді анықтап, қолдау мақсатында «Тіл шебері -2017» облыстық байқауы өтті.
Байқауға облыстық басқармалар мен департаменттерде жұмыс жасайтын  21 мен 29 жас аралығындағы жас мемлекеттік қызметшілер қатысты.
Байқау барысында қатысушылар байқаудың «Мәдениеттаным» деп аталатын бөлігінде қазақ халқының салт дәстүрі, ділі мен тілі жөніндегі сұрақтарға қазақ тілінде жауап берсе, «Ұлттаным» бөлігінде қазақ елі тарихы мен ұлы тұлғалары, еліміздің аймақтары жөніндегі сұрақтарға орыс, ағылшын тілдерінде жауап берді. Ал, үшінші «Өнертаным» деп аталатын бөлігінде үш тілде берілген жаңылтпашты 3 рет айтудан сынға түсті.
Талапкерлердің білімін Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Абасилов Аман Мәделханұлы басқарған қазылар алқасы бағалады.
Байқаудың сарапшылары үміткерлердің өнерін бағалау кезінде олардың тілдерді меңгеру деңгейіне, жауаптың орамдылығы мен сапасына, мазмұндылығы мен ерекшелігіне, үш тілде орфоэпиялық тұрғыдан таза сөйлеуіне, сахналық мәдениетіне, киіміне баса назар аударды
Байқаудың қорытындысы бойынша Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бас маманы Қ. Балмағамбетов               І орынды жеңіп алса, Қызылорда облысының Статистика департаментінің маманы  А. Алимбетова ІІ орынды, Қызылорда облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының бас маманы М. Әліп ІІІ орынды иеленді. Сондай-ақ, Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бас маманы Ф. Халилуллаев, Қызылорда облысының Статистика департаментінің маманы З. Сұлтанова, Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің есеп технигі Қ. Пазылов ынталандыру сыйлықтарына ие болды.
Байқау жеңімпаздары Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының дипломдары және бағалы сыйлықтарымен марапатталды.  
Облыстық байқаудың жеңімпазы Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының жолдамасымен Қазақстан халқы тілдерінің мерекесіне орай өтетін республикалық байқауға қатысуға жолдама алды.

Облыстық ішкі саясат басқармасының баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз