Түлектерге ақ жол тіледі

72

0

Түлектерге ақ жол тіледіБүгін, еліміздің барлық өңіріндегі білім ошақтарында кезекті оқу жылы аяқталып, балғын балалықтың соңғы қоңырауы соғылуда. Солардың ішінде, Қызылорда қаласы бойынша 1 мың 739 түлек үлкен, жаңа өмірге жолдама алуда. 
Осы түлектердің ішінен 106 түлек «Алтын белгіге», 98 түлек «Үздік аттестатқа» үміткер.
Қала әкімі Нұрлыбек Машбекұлы, қаладағы Ілияс Қабылов атындағы № 12 орта мектебіндегі «Соңғы қоңырау» салтанатты жиынына қатысып, жас түлектерді құттықтады.
– Бүгінгі күн – шәкірттерінің бойына таудай талап пен білім дәнін сепкен ұстаздар қауымының еселі еңбегінің жемісті мезеті.
Бүгінгі күн – күні кеше ғана баласын мектепке жетелеп алып келген ата-ана үшін ұл-қызының ер жетіп, арман биігіне қанат қаққанын көрер, жүрек тебірентерлік шақ. 
Білім беру – ата-ана үшін ғана емес, тұтас қоғам үшін қастерлі парыз. Білім алу – еңселі ел болуды мақсат тұтқан әрбір жан үшін қасиетті борыш. 
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мемлекетімізде жүргізіп отырған сарабдал саясатын жалғастыратын, ұлттық идеологиямыз «Мәңгілік елді» мақсат тұтқан еліміздің ауқымды стратегиялық бағдарламаларын жүзеге асыратын да, оның нақты жемісін көретіндерде осы бүгінгі түлек, ертеңгі ел тізгінін қолға алар өскелең ұрпақ деп білемін.
Құрметті түлектер! Бүгінгі жас – ертеңгі болашақ. Сондықтан, әрдайым сын сағаттан сүрінбей өтіп, армандаған мамандықтарыңның иесі атануларыңызға тілектеспін.
Сапалы білім, саналы тәрбие берген ұстаздардың және аялап өсірген ата-аналарыңыздың үмітін ақтап, Тәуелсіз еліміздің өсіп-өркендеуіне Сіздер зор үлес қосатындарыңызға сенемін.
Өңіріміздің абыройын асқақтатар өрен ұрпақ ретінде танылып, биіктен көрініңіздер. Ақ жол, аяулы түлектер! – деді шаһар басшысы.
Салтанатты шара барысында, жас түлектер ұстаздар қауымына алғыстарын жеткізіп, 1 сыныпты аяқтаған балғын бүлдіршіндер аға-әпкелеріне арналған өнерлерін ортаға салды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз