«Тұмар» телевизиялық байқауына өтінімдер қабылдау басталды

62

0

18 қаңтардан бастап II «Тұмар» Ұлттық телевизиялық бәйгесіне қатысуға өтінімдер қабылдана бастады, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
Байқауға 2017 жылы эфирге шыққан бірегей теледидарлық жобалар қатыса алады. Жүлдеге ұлттық және аймақтық телевизиялық компаниялар, студиялар, продюсерлік орталықтар және теледидарлық контент шығаратын басқа да медиа-индустрия мекемелері үміткер бола алады.
Үміткерлердің өтінімдері 1 наурызға дейін қабылданады.
Биыл жеңімпаздар келесі номинациялар бойынша анықталады: үздік деректі фильм, үздік телехикая, үздік әлеуметтік жоба, үздік ақпараттық бағдарлама, үздік аймақтық телеарна, үздік білім беру бағдарламасы, телевизиялық маусымның үздік оқиғасы, «телевияға 60 жыл» – телевизия дамуына қосқан үлесі үшін және үздік ойын-сауық жобасы.
Сонымен қатар, үздік режиссерлік жұмысқа, үздік операторлық жоба үшін, жылдың үздік тележүргізушісіне және үздік тележурналиске де арнайы жүлделер тағайындалған.
Еліміздің бас қаласы Астананың 20-жылдық мерейтойына арналып, «Астана туралы үздік жоба» номинациясы бойынша жүлде беріледі.
Лауреаттарды ұсынылған материалдардың сараптамалық қорытындылары негізінде жүргізілетін қазылар алқасының жабық түрде дауыс беруі анықтайды. Қазылар алқасы қазақстандық телевизияның білікті мамандарынан құралады.
«Тұмар» ұлттық телевизиялық бәйгесі Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлігі тарапынан еліміздің ең жоғары сапалы және заманауи теледидарлық мазмұнын анықтау, талантты мамандарды қолдау, отандық телевизия мазмұнын жетілдіруге және қазақстандық жоғары сапалы теледидарды дамытуға ынталандыру мақсатында құрылған.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз