Төретамда мемлекет қолдауымен балабақша ашылды

94

0

Төретамда мемлекет қолдауымен балабақша ашылдыҚармакшы ауданының Төретам кентінде «Ай-Диас» балабақшасының салтанатты
ашылу рәсімі өтті. Ашылу салтанатына аудан әкімі Сұлтан Мақашов және
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Қызылорда облысы бойынша аймақтық
филиалының директоры  Жансұлтан Матаев қатысты.
    Балабақша «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында
ашылды. Жеке кәсіпкер Айнұр Бермағанбетова жобасын жүзеге асыру
мақсатында «Даму» қорының 50% кепілдендіруімен «Қазақстан Халық Банкі»
АҚ 24 млн. теңгеге жеңілдетілген несие рәсімдеді. Сонымен қатар несиенің
14% үстемесінің  10% мемлекет өтейді, ал кәсіпкер болса тек қалған
4%-ын ғана қайтарады. Бұл да болса, кәсіпкердің борыштық жүктемесін
жеңілдетуге мемлекет тарапынан көрсетілген үлкен көмек болып отыр.
    Айнұр Бермағанбетованың сөзінше, Қармакшы ауданында жұмыс жасайтын
25 балабақшаның, тек  3-і ғана жеке болып табылады. Кәсіпкер ашқан
бақшаның басқа мектепке дейінгі мекемелерден айырмашылығы балалардың ең
үздік көрсеткіштерге жетуіне мүмкіндік беретін жаңа заманғы оқу
әдістемелері бойынша жүргізілетін оқыту бағдарламасында.
    – Балабақша – бүлдіршіндерді қоғамда өмір сүруге үйрететін алғашқы
әлеуметтік институт деп бекер айтылмайды. Сондықтан біздің мақсатымыз
келуші балаларға барынша ыңғайлы жағдай жасау мен сапалы білім алуын
қамтамасыз ету болып табылады. Орталықтағы тәрбиешілер мен оқытушылар
тәжірибесі мол және әр баламен жеке жұмыс жасайтын педагогтар. Біздің
оқыту бағдарламамыз балалардың жан-жақты дамуын қамтамасыз етеді,- дейді
жеке кәсіпкер Айнұр Бермағанбетова.
     «Ай-Диас» балабақшасы соңғы үлгідегі ыңғайлы топтар, ойын алаңдары
мен дене шынықтыру және әуен сабақтары өтетін залдарымен жабдықталған.
Бір сөзбен айтқанда жаңа ашылған мектепке дейінгі мекеме барлық заманауи
талаптарға сай келеді.
    – Бүгінде мемлекет ауылдық аймақтарда шағын және орта бизнестің
дамуына  улкен үлес қосуда. Осының дәлелі Төретам кентінде балалардың
дамуына максималды жағдай жасалған  «Ай-Диас» балабақшасының ашылуы.
Аталған балабақшаның ашылуы Қармақшы ауданындағы мектепке дейінгі
мекемелердің жетіспеушілігін төмендетуге мүмкіндік береді, сондай-ақ 
Айнұр Бермағанбетова 13 ауыл тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып отыр,- деп
өз сөзінде ескере кетті қор филиалының директоры  Жансұлтан Матаев.
    Іс-шара соңында аудан әкімі Сұлтан Мақашов барлық жиналған қауымды
келе жатқан Наурыз мерекесімен құттықтап, қонақтар мен орталық
қызметкерлеріне табысты еңбек пен молшылық тіледі.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз