Тұрғын үй құрылысы үлестік қатысу арқылы салынады

35

0

Сәрсенбіде облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының ұйымдастыруымен мердігер компаниялар басшыларына арналған семинар-кеңес өтті. Онда «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» АҚ мамандары жаңа заңға түсінік берді.  

«Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» жаңа заңның күшіне енуіне орай аталған қор енді тұрғын үйлер құрылысын аяқтау үшін үлескерлерге кепілдік беретін болады. Бұған қоса, үй құрылысына үлестік қатысуды кепілдендірудің тұрақты және тиімді жүйесін, кепілдік беру жағдайы туындағанда үлескерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғайды. Сондай-ақ, үлестік тұрғын үй құрылысы нарығын ынталандыруды қамтамасыз ететін болады.
Бастапқы кезеңде «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» құрылыс салушының өтінімін қарау кезінде, оның жаңа заң талаптарына сәйкес келуін тексереді. Барлық талаптарға сәйкес келген жағдайда, қор құрылыс салушымен және Уәкілетті компаниямен кепілдік беру туралы шарт жасасады. Мұнан соң салынып жатқан тұрғын үй сапасын бақылайтын тәуелсіз инжинирингтік компанияны тарта отырып, үлескерлер ақшасын орынды жұмсалуын, сондай-ақ пайдалануға енгізілген тұрғын үйдің сапасын бақылауды жүзеге асырады.
Жалпы, тұрғын үй құрылысына кепілдік беру тетігін іске асыру үлескерлер үшін де, инвесторлар үшін де құрылыс саласының инвестициялық тартымдылығын қамтамасыз етеді. Сонымен бірге құрылыс саласының ашықтығы мен құрылыс салушының жауапкершілігін жоғарылатуды көздейді. Қордың міндеті – тұрғын үйдің немесе ғимараттың құрылысын аяқтауға кепілдіктер беріп, үлескерлердің құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғауды қамтамасыз етеді.
Семинар соңында «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Айгүл Жұматаева үлестік қатысуға орай құрылысшылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз