Тұрғындарға робот-фармацевт қызмет көрсетуде

58

0

Тұрғындарға робот-фармацевт қызмет көрсетуде Қызылорда облысы Шиелі кентінің тұрғындары құлтемір қызметін пайдаланып отыр, деп хабарлайды 24.kz
Аудан орталығындағы дәріханада бұрынғыдай ұзын-сонар кезек жоқ. Өйткені, робот-фармацевт тұтынушы тапсырыс берген дәрі-дәрмекті 5-7 секундта жеткізеді. Аудандық дәріхананың жаңа робот қызметкері тәулік бойы үздіксіз қызмет жасайды. Ол 10 мыңға жуық дәрі сақталатын қоймадан тапсырысты жазбай-жаңылмай тасымалдайды. Құны 10 млн. теңгенің тың техникасы тұрғындардың уақытын үнемдейді. Оған қоса дәрінің жарамдылық мерзімін де қадағалайды. 
Шиелі кентінің тұрғыны Владимир Когай: «Мен – осы дәріхананың тұрақты тұтынушысымын. Бұл жерде біріншіден баға қолайлы. Робот-фармацевт мүдірмейді, бәрін әкеп береді, өзің де көп кідірмейсің», – дейді. 
Ақылды қондырғысы бар дәріхананы Астана қаласынан көрген шиелілік кәсіпкер бірден қызығушылық танытады. Инновациялық жетістікті аудан орталығына жеткізуге асығады. Италиялық автоматты аппаратты отандық мамандар құрастырып шығарған. Құлтемір 15 жыл бойы іркіліссіз қызмет етеді. Сонымен қатар шиелілік жаңашыл кәсіпкер баламалы қуат көзіне негізделген қондырғы арқылы дәріхана ғимаратын жылытып, ыстық сумен қамтып отыр. 
Кәсіпкер Нұрлыбек Мырзабеков: «Электр тоғын есептесем, қымбатқа түседі екен. Ол тоқ бірде өшеді, бірде жанады. Сондықтан оған балама қуат көзін іздедім. Бұл гелиожүйенің жарамдылық мерзімі 25 жыл. 3,5 жыл ішінде кеткен шығынымды өтеп береді. Содан кейін маған 7 млн. көлемінде пайда келтіреді екен», – деді. 
Инновацияға негізделген дәріханада косметология мен пластикалық қалыпқа келтіру бөлмелері ашылмақ. Тұрғындарға ірі қалалардағыдай сапалы әрі кешенді қызмет ұсынылмақ. 
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз