Тәулік бойы жұмыс істейтін алғашқы дәріхана

95

0

Облыстық ішкі саясат басқармасы Сырдария ауданы орталығы – Тереңөзек кентіндегі кәсіпкерлік нысандарға баспасөз турын ұйымдастырды. Сапар барысында БАҚ өкілдері мемлекеттіқ бағдарлама аясында кәсібін бастап, бизнесін одан әрі дөңгелетіп қана қоймай, халықтың сұранысына сай қызмет көрсетіп отырған кәсіпкердің жұмысымен танысты.
Нақты кезеңде аймағымызда «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде несие алып, жобасын жүзеге асырған жандар аз емес. Солардың бірі – «Ансар М» ЖШС директоры Манат Алмашева.
Іскер әйел бастаған кәсібін одан әрі кеңейту мақсатында мемлекеттік бағдарламаның көмегіне жүгініпті. Нәтижесінде ол жеңілдетілген несиеге қол жеткізеді. Осыдан үш ай бұрын 50 млн теңге қаражат алған іскер жан аудан орталығынан тәулік бойы халыққа қызмет көрсететін супермаркет-дәріхана ашты. «Ансар М» ЖШС директорының орынбасары Гүлжан Айтбаеваның айтуынша, бұл орталықтың ерекшелігі – онда арнайы мамандар сіздің қан-қысымыңызды өлшеп, тегін дәрігерлік кеңес береді.
– Тұрғындар тәулік бойы дәріхананың ашылғанына қуанышты. Супермаркет-дәріхана 5 бөлімнен тұрады. Мұнда тұтынушыға дәріханадан бөлек сауда қатарлары да халыққа қызмет көрсетуде. Мұндағы сауда сөрелерінен жаңа туған нәрестелерге арналған экологиялық таза киімдер мен тұрмыстық тауарлардың барлық түрін кездестіресіз. Ең бастысы, тұтынушы талғамына сай, бағасы қолжетімді. Әр тауарға 15 пайыз жеңілдік қарастырылған, – дейді кент тұрғыны Ерлан Жүгенбаев.
Айта кетейік, «Ансар М» ЖШС облыс орталығында «Ансар М» серіктестігіне қарасты 5 дәріхана бар, онда 60-қа жуық адам жұмыспен қамтылған.
 
Н.ҚАЗБЕКОВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз