Туризмнің тетігін тапқан

104

0

Туризмнің тетігін тапқанӘйел заты ер адаммен қатар жұмыс істеп жүргелі қашан?! Бүгінде ер-азаматтың қолынан келетін істі әйелдің еңсере алатынына көптің көзі жетті. Қолға алған кәсібін кеңейтіп жүрген бойжеткендердің ішінде қарқынды саланы тізгіндегендер де бар. Жерлесіміз, туризм индустриясын дамытуға атсалысып жүрген жаңашыл кәсіпкер Нина Шаханова солардың қатарында.
«ТурСалон” туристік агенттігінің филиалын тек қала орталығынан ғана емес, елдің бас қаласы – Астанадан ашқан кейіпкеріміз білікті кәсіпкер екенін дәлелдеген жан. Ол бұл жетістікке жетуіне көпжылдық тәжірибе көмекке келгенін айтады. Себебі, Нина аталған саланың қыр-сырына қанық болу үшін бір емес бірнеше жоғары оқу орнының табалдырығын тоздырған. Арман қуып, Мәскеу атты мүмкіндіктер қаласына да аттанған. Ондағы мақсаты – белді университетте туризм және қонақ үй ісі мамандығын игеріп, елге оралу. Көрген-білгенін, ойға түйгенін, жинаған тәжірибесін туған жер игілігіне жұмсау болды.
– Осыған дейін түрлі салада өзімді сынап көрдім. Қызылорда инже¬нерлік-экономикалық институтында ұстаздық еттім, ақпараттық жүйелен¬дірумен айналыстым.  Атқарушылық қызметте шыңдалдым. Содан кейін ғана бала кезгі арманымды жүзеге асыруға, сол кездері облыста кенже қалған туризм саласын дамытуға күш салдым. Жеке агенттік аштым. Кәсіпті жүргізуде, оны әрі қарай алып кетуде қиындықтар айналып өтпеді. Алайда, қайта тұрып, алға ұмтылудан жалықпадым. Міне, қазір соның нәтижесін көріп отырмын. Адамға ең бастысы сенім керек деген рас. Себебі, осы жылдар ішінде сенім бар жерде үміт бар, үміт барда болашақ бар екеніне көз жеткіздім, – дейді іскер Нина.
Аймақта алғашқылардың бірі болып әлі түрен түспеген кәсіпті мең¬гер¬ген кейіпкердің салаға қатысты айтары көп. Әңгіме барысында ол ел табиғатының әсемдігіне тоқталып, бізде тау да, ну орман да, жазық дала мен өзен-көлдердің жетіп артылатынын айтты. Дегенмен, кезек күттірмейтін мәселелер қатарына сервистік қызметтерді дамытуды қосу керектігін, кәсіпкерлік көкжиегін кеңейтуде бірқатар мәселенің шеті көрінетінін жеткізді. Алдағы уақытта туған өлкені дамытуға арналған идеяларымен де бөлісті.
– Шетелдік туристер елімізге келгенде құрқол қайтпайды. Осы тұста ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдарын сату, шеберлік-сыныптарын ұйымдастыру, видеотектер немесе презентациялық материалдарды жарнамалайтын бейнекафелер ұйымдастыруды мықтап қолға алған дұрыс. Меймандар үшін бұл маңызды аспектінің бірі. Мысалы, Қытайда туризмнің үш бағыты қарастырылған. Олар – табиғи объектілердегі туризм, тарихи ескерткіштер және ұлттық салт-дәстүрмен таныстыру. Бізде мұның барлығы бар. Тек қолда бар дүниені көрсете білу керек. Қазір мемлекет тара¬пынан туризм мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Оның халықаралық байланыста және валюталық түсім көзі ретінде де маңызы артып келеді. Әрі туризм индустриясының аймақ экономикасын дамытуда ықпалы зор. Әсіресе биыл өтетін «ЭКСПО-2017” халықаралық көрмесі қарсаңында ішкі туризм ел экономикасының локомотивіне айналады деген сенімдемін, – дейді жерлесіміз.
Нина алдағы уақытта өз кәсібі жайлы кітап жазуды, өмірден түйген тәжірибесін әріптестерімен бөлісуді жоспарлап отырғанын айтты. Бизнес әлемінде табысты кәсіпкер отбасында 3 баланың аяулы анасы атанып отырған кейіпкерге қарап біз әлі талай белесті бағындырарлық күш-қайраттың барын байқадық. Іштей риза болып, әйел шын ниеттенсе, қолынан келмейтін дүние жоқ деген пікірге қосылдық.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз