Учаскелік инспекторлар ауылға көшіп бармақ

44

0

Учаскелік инспекторлар ауылға көшіп бармақҚызылордада қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен кеңейтілген мәжілісте осы жылдың бес айында Қызылорда қаласы көлемінде қоғамдық тәртіп және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі атқарылған іс-шаралар талқыланды. Аталмыш мәжіліске облыс әкімінің кеңесшісі Ғазымбек Алпысбаев, облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Әмірбек Шаймағамбетов, қалалық бөлім басшылары, кент, ауылдық округ әкімдері, ішкі істер органдарының қызметкерлері қатысты. 
Мәжілісте қала басшысы Нұрлыбек Машбекұлы облыстың бас шаһарында тұрғындар өздерін қауіпсіз сезінуі үшін барлық шара ретімен жүзеге асырылып жатқанын айтты.
– Былтырдан бері облыс әкімінің қолдауымен біршама жұмыстар атқарылды. Қалада барлық бағдаршам ауыстырылды, оған 417 млн каржы бөлінді. Жол қауіпсіздігі, адамдардың амандығы үшін деп еуростандартқа сай, соңғы үлгідегі бағдаршамдар орнатылуда. Астанадан басқа жерлерде мұндай бағдаршамдар жоқ. Онымен қоса, былтыр 500 млн теңгеге көше жарықтандырылды. Биыл да 100-ге жуық жол жарықтандырылады. Былтырдан бері жол, тротуар салынуда. Жол белгілері қойылуда. Жол сызықтарын жасалуда, оған биыл да қаражат бөлінді. Байқап отырсыздар, апта сайын жол сызықтары сызылуда. Өйткені, бізге керегі адам өмірінің қауіпсіздігі. Онымен қоса, полицейлерге қызмет барысында кедергілерді болдырмау үшін облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың тарапынан ішкі істер қызметкерлерінің материалдық-техникалық базасын жетілдіру бағытында қаржылай қолдау молынан көрсетіліп жатыр», – дей келе облыс орталығындағы құқық бұзушылықтың жолын кесу, жол көлік оқиғаларының алдын алу және оны болдырмау бағытындағы жұмыстар жеткіліксіз деңгейде екендігін жеткізді.
Қызылорда қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Балдырған Мәменнің айтуынша, мәжілісте қала әкімі учаскелік инспекторлар елді мекендеріндегі барлық жағдайдан хабары болуы керегін айтты. «Барлық тұрғындарды, оған қоса бұзақылыққа жақын адамдарды тануы, білуі және бақылауында ұстауы қажет. Өкінішке орай, олай емес. Өздері ауылда тұрмайды. Сосын қайдан тәртіп орнайды? Сол себепті, бір аптаның ішінде учаскелік инспекторлар ауылдарына көшіп баратын болсын», – деп қатаң тапсырма жүктеді.  
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз