В.Никитенко: «Қайсар» кез келген команданы жеңе алады

42

0

В.Никитенко: «Қайсар» кез келген команданы жеңе алады«Ақтөбе» командасының бас бапкері Владимир Никитенко 2008, 2012 жылдары «Қайсарға» жетекшілік жасады. Сол жылдарда біздің команда тәп-тәуір нәтижеге қол жеткізіп, жанкүйер көңілінен шығатын ойын көрсетті. Бұрынғы бапкер «Қайсар» жайында бүгінде қандай пікір айтады?  
 – 2012 жылы команданы жаттықтырғанымда жағдайы өте нашар болатын, – деді ол Қазақстан кубогының 1/8 финалдық «Қайсар» мен «Ақтөбе» командалары арасындағы ойынынан кейінгі баспасөз мәслихатында. – Мен өзім Қызылордаға маусымның ортасында келдім. Сөйттік те, чемпионатта 9-орынды иемдендік. Клубтың бережегі көп еді. Қаржы жағынан әбден қысылғанбыз. Қазір команда аяғына нық тұрған. Ойындары да жаман емес. Ел чемпионатының турнир кестесінде бекер төртінші орында тұрған жоқ. Көшбасшылар қатарында. Қазақстанда кез-келген команданы жеңе алатын қауқарлары бар. Ұйымдастыру жұмыстары да бұрынғымен салыстырғанда өте жоғары, Жалпы, бірінші кезеңнің қорытындысы бойынша қызылордалықтардың үздік алтылықтан көріне аларына сенімдімін. Дегенмен, түсінулеріңіз керек, «Қайсар» қайта жанданған команда. Енді ғана жасақталып, биыл Премьер-лигаға қадам басты. Cондықтан, қиындықтар да болуы мүмкін. Осы орайда жанкүйерлердің түсіністікпен қарауларын сұрар ем. Өз тарапымнан «Қайсар» үшін қуаныштымын. Командаға тек қана сәттілік тілеймін. Өйткені, мен мұнда ұмытылмас кездерді бастан өткердім.
Иә, В.Никитенко бұрынғы командасы жайында осылайша ағынан жарылды. Естеріңізге сала кетелік, ол «Қайсардан» бөлек, «Химик» (Жамбыл), Алматының «Достық», Ақтөбенің «Актюбинец», Алматының «Қайрат», «Қайрат-Бутя», «Атырау» және Ресейдің «Терек» клубтарында бас бапкерлік және бапкерлік қызметтер атқарған. 
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз