ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚ КЕМІГЕН

44

0

Елбасы Жолдауында тәртіпсіздікке мүлдем төзбеушілік принципін ұстану қажеттілігі айтылды. Бұл бағытта өңірде түрлі шаралар қолға алынған, тиісті органдардың жұмысын шашау шығармай атқаруы да көп олқылықтың алдын алуда. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында ОІІД бастығының орынбасары Нұрлан Анарбаев пен ОІІД Жергілікті полиция қызметінің бастығы Бауыржан Ибраев мәлімдеді.

Спикерлердің айтуынша, биыл облыста құқық бұзушылық саны азайған. Сонымен қатар облыс орталығында қоғамдық қауіпсіздікті сақтау мақсатында 272 бейнебақылау камерасы орнатылып, олардың көмегімен 28 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталған.

– Қоғамдық орындар мен көшелерде, мас күйінде жасалған қылмыс саны едәуір төмендеді. Жол қозғалысына да бақылау күшейтіліп, соңғы 3 жылдың ішінде автопарктің 15 пайызға өсуіне қарамастан жол-көлік оқиғалары мен олардың зардаптары азайды. Қоғамдық тәртіпті сақтаудың тиімділігін арттыру мақсатында арнайы халықаралық тәжірибелер зерделеніп, алғаш рет біздің аймақта жаңа үлгідегі техникамен жабдықталған 14 патрульдік қызмет бекеті ашылды. Алдағы уақытта «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының аясында облыста мың дана бейнебақылау камералары орнатылмақ. Тәртіпсіздіктің елеусізі жоқ, себебі, бүгін майда-шүйде болып көрінген құқық бұзушылық ертеңгі күні ауыр қылмысқа ұласуы мүмкін, – деді Н.Сансызбайұлы.

Жалпы, өңірде 10 мың адамға шаққандағы қылмыстылық деңгейі 101 бірлікті құрап отыр. Республика көлемінде криминогендік ахуалы тұрақты, қауіпсіз облыстардың қатарындамыз. Полиция жүйесіне жаңадан енгізілген реформа да құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жергілікті халықпен тығыз қарым-қатынас орнатуына, артылған сенімге селкеу түсірмеуіне мүмкіндік беруде.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,

«Сыр бойы».

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз