ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі Арал ауданына сапары кезінде Лениннің балықшыларға жолдаған хатымен танысты

43

0

ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі Арал ауданына сапары кезінде Лениннің балықшыларға жолдаған хатымен таныстыАрал ауданына еліміздің ЮНИСЕФ-тегі өкілі арнайы іссапармен келіп, өңірдегі бірқатар жерлерді аралады.

Делегация
құрамында Қазақстан Республикасының БҰҰ-ның ЮНИСЕФ балалар қорының
өкілі Юрий Оксамитный, аймақтық бағдарламалар бойынша үйлестіруші Үміт
Қажғалиева, ЮНИСЕФ-тің Қызылорда облысындағы координаторы Анар Ізден
бар. Бұл туралы Арал аудандық әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Делегация өкілдері алдымен аудандағы денсаулық сақтау саласындағы
өзгерістер қаншалықты жүзеге асып жатқандығын көру үшін орталық
ауруханаға барып, ақ халаттылардан емделушілердің жағдайын сұрап білді.
Аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Марат Ршымбетов қонақтарға өзі
басшылық етіп орталықтың атқарып жатқан жұмыстары мен алдағы жобалары
жайында әңгімелеп берді. Сондай-ақ, меймандар орталық ауруханаға қарасты
перзентханаға соғып, ондағы ана мен баланың жағдайымен танысты.

«Перзентханадағы жағдай өте жақсы. Бала өсімі көбейіп, ана өлімі
азайды. Босанған әйелдер өздерінің алтыншы, енді бірі жетіншісін дүниеге
әкеліп жатыр. Бұл – біз үшін қуаныш. Бұны біз көптен армандадық», –
дейді аудандық перзентхананың бас дәрігері Көлбаева Қанымша.

Бұл жағымды жаңалыққа Юрий Оксамитный таң қалғанын білдірді.
Мемлекеттегі халық санын көбейтіп жатырған көп балалы әйелдерге
ризалығын айтып, аналарды ерліктің иесі деп атады.

ЮНИСЕФ өкілдерінің келесі бағыты қаладағы №262 мектеп-гимназиясында
болды. Мектептің жаңа үлгідегі кабинеттеріне, мәжіліс залына, кітапхана,
оқу кабинеттерін аралады. Сондай-ақ осы ғимараттағы «Ұмай» қайырымдылық
үйіне барып, тәрбиеленуші балалардың жағдайымен танысты. Ұмайлық
балалар да қонақтарға өздерінің өнерлерін көрсетіп, шағын концерттерін
ұсынды. 

Делегация өкілдері кезекті сапарды Арал балықшыларының мұражайында
жалғастырды. Юрий Оксамитный көненің көзіндей сақталған жәдігерлері
балық аулау құралдары, кемелердің шағын макеті, Лениннің балықшыларға
жолдаған хаты мен кезіндегі балық шаруашылығы министрінің портреттерімен
танысты. ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі ауданның денсаулық, білім,
мәдениет саласының ақпараттарына толық қанығып, Аралдың даму қарқынына
оң бағасын беріп қайтты.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз