\»Қызылорда қаласының құрметті азаматы\» атанды

50

0

   Жаңа жыл қарсаңында Қызылордада жылды қорытындылауға арналған салтанатты шара өткізілді. Салтанатты шарада қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев барша қызылордалықтарды мерекемен құттықтап, 4 кісіге  «Қызылорда қаласының құрметті азаматы» атағын табыс етті. Олардың қатарында Қожахмет Баймаханов, Әлима Әбдіхалықова, Имамадин Оңғарбаев және Мырзалы Құдайбергенов сынды облыс пен қаланың дамуына, өркендеуіне үлкен еңбек сіңірген азаматтар бар.   
   Енді «Қызылорда қаласының құрметті азаматы» атағын алған азаматтардың еңбек жолына зер сала кеткеніміз артық болмас. Қожахмет Мәдібайұлы Баймаханов 1953 жылы Қызылорда облысы Жалағаш ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын қарапайым жұмысшыдан бастап, кеңшар директоры, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Жалағаш ауданының әкімі, Қызылорда қаласының әкімі қызметтерін атқарды.  Қазіргі таңда ҚР Парламенті Сенатының депутаты. «Құрмет» орденінің иегері. 
   Әлима Жақыпқызы Әбдіхалықова 1952 жылы Қызылорда облысының Қазалы ауданында туылған. 1980 жылдан бері М.Мәметова атындағы Қызылорда гуманитарлық колледжінің директоры болып қызмет атқаруда. Ерен еңбектері үшін «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісінің, «Ерен еңбегі үшін» медалінің, «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің Құрметті қызметкері», «Ы.Алтынсарин» төс белгісінің, «Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағының иегері болған.
   Имамаддин Зәкірұлы Оңғарбаев Қызылорда облысы, Арал ауданында 1953 жылы дүниеге келген. Еңбек жолында инженерлік, құрылыс салаларында көптеген басшылық қызметтерде болды. Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, Қызылорда қаласының әкімі, Қызылорда облысы әкімінің кеңесшісі қызметерін абыроймен атқарды. 2012 жылдан қазіргі таңға дейін «Қазсушаруашылығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының «Арал» филиалының директоры болып еңбек етіп келеді.
   Мырзалы Құдайбергенов 1937 жылы Қызылорда облысы, Сырдария ауданында дүниеге келген. Қаладағы целлюлоза картон зауытының іргетасының қалануына 1961 жылы комсомолдық жолдамамен келген. Ұзақ жылдар осы салада еңбек етіп, 1987 жылы облыстық дәрежедегі зейнеткерлікке шықты. Қаланың қоғамдық жұмыстарына араласып, қалалық советтің депутаты, облыстық кәсіподақ комитетінің штаттан тыс хатшысы болып сайланды. Еңбектері еленіп, «Қағаз-картон кәсіпорынның үздігі», «Еңбек ардагері» «Ленин» ордендерімен марапатталды.
  
  
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз