Қызылорда балаға мейірімді қалаға айналды

46

0

Қызылорда балаға мейірімді қалаға айналдыҮстіміздегі жылдың 15-16 мамырында Қызылорда қаласында V республикалық «Балаға мейірімді қала» форумы өтті. 
Әр баланың құқықтарын іске асыруға мүмкіндік туғызатын (оның этникалық және әлеуметтік шығу тегіне, дін тұтынуына, отбасы табысының деңгейіне немесе оның ата-анасын ауыстыратын тұлғаларға, жынысына, физикалық және психикалық денсаулығына қарамастан) жобаға әлемнің әр түкпірінде орналасқан  800-ден астам қала қатысса, біздің елімізде 20 қала мен аудандарда аталмыш жоба сәтті жүзеге асырылуда.
Форумға ҚР Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Махаббат Бекбосынова, Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қорының Қазақстандағы өкілі Радослав Жехак, ҚР Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау Комитетінің өкілі, еліміздегі облыс орталықтары әкімдерінің орынбасарлары, білім мекемелерінің басшылары, ҮЕҰ жетекшілері қатысты.
Форум барысында Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылордада бала үшін мейірімді қаланы құруға,  балаларға қала өмірінің маңызды салаларында сапалы қызмет көрсетуге барлық мүмкіндіктер бар екендігін жеткізді. Сондай-ақ, қала басшысы бұл мақсатты жүзеге асыруда қала әкімдігі Білім және ғылым министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау Комитетімен, Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қорының Қазақстандағы өкілдігімен бірлесіп Қызылорда қаласында балалар ортасын қалыптастыру 2012-2014 жылдарға арналған стратегиясы қабылданғандығын, стратегияға сай арнайы іс-шаралар жоспары жасалып, негізгі жұмыстар жоспарға сай жүзеге асырылып жатқандығын жеткізді. .
Қызылорда қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, жыл өткен сайын қалада демографиялық өсім қалыптасуда. Мәселен 2012 жылы 7972 сәби дүниеге келсе, 2013 жылы 8035,  2014 жылдың 4 айында 2774 бала өмірге келді.
Бүгінгі таңда Елбасының 2020 жылға дейін балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен 100 пайыз қамту міндетін қойып отырғандығы баршаға белгілі. Қалада Мемлекет басшысы тапсырмасын мерзімінен бұрын орындауға батыл бетбұрыс жасалуда.  Өткен жылдың өзінде «Балапан» бағдарламасы аясында 1295 баланы қамтыған 14 балабақша ашылып, мектепке дейінгі тәрбиемен қамту көрсеткіші межеленген 73 пайыздан 76,9 пайызға жетті. Қалада қалыптасқан демографиялық өсім жергілікті атқарушы органның алдына жаңа міндет қоюда, яғни мемлекеттік және жеке меншік балабақшалардың санын арттыру қажеттілігі туындауда. Бұл бағытта жыл басынан бері Қызылорда қаласында 406 баланы қамтитын 7 жеке балабақша ашылды. Қазіргі таңда қалада 21 мемлекеттік балабақша, 39 шағын орталық, 59 жекеменшік балабақша жұмыс жасап, республика бойынша Қызылорда қаласы жеке балабақша саны бойынша алдыңғы қатардан орын алуда. 
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз